«Қазақстандық Ник Вуйчич» Марадонамен кездесуі жайлы естелік жазды
Әли Тұрғанбеков 2018 жылы футболдағы аңыз адам Марадонамен кездескен
Екі аяқсыз дүниеге келген қазақстандық Әли Тұрғанбеков 25 қараша күні 60 жасында өмірден озған атақты аргентиналық футболшы Диего Марадонаның қазасына қатысты жазба жариялады.
Әлем футболының жарық жұлдыздары - Лионель Месси (Аргентина) және Криштану Роналдумен (Португали) кездескен, Мұхаммед Салахпен (Египет) бірге жасыл алаңда футбол ойнаған Әли 2018 жылы футболдан Әлем чемпионы (1986 ж.) Диего Марадонамен кездескен екен. «Қазақстандық Ник Вуйчич» (Ник Вуйчич – екі аяқ, екі қолсыз дүниеге келген аустралиялық жазушы, меценат) атанып кеткен Әли футбол аңызымен болған кездесу жайлы естелігімен бөлісті.
«Футболдағы аңыз адам Диего Марадонамен болған кездесуді ең маңызды кездесу деп санаймын. Ол маған екі күнін арнады. Кездесуде жаныма келіп, 100 жылдан бері танитын адамдай құшақтап жібермей тұрды. Жоспардан тыс болса да, менімен футбол ойнады», - деп жазды Әли Instagram-парақшасында.
60 жасында дүниеден озған Диего Марадона футболшы кезінде «Аргентинос Хуниорс», «Бока Хуниорс», «Барселона», «Наполи», «Севилья» және «Ньюэллс Олд Бойздың» намысын қорғады. Жалпы, Марадона клубтық деңгейде 492 кездесу өткізіп, 258 гол соққан. Аргентина құрамасы үшін ол 91 матч өткізіп, 34 гол соқты.