ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 170 мыңға жуықтады

Түлкібас ауданындағы жерасты өткелінің құрылысы жоспардан кешігіп жатыр

Мердігер компания пандемияға байланысты қаржылық қиындықтарға тап болған

Түлкібас ауданындағы жерасты өткелінің құрылысы белгіленген межеден кешігіп жатыр. Себебі жұмыстың бел ортасына келгенде төбесі опырылып түскен. Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды. 

Құрылыс жұмыстарының әу бастағы жалпы құны 8,5 млрд теңге шамасында болғанын, оның 2 миллиарды жер асты өткелін салуға жұмсалса, қалған қаражат жол салуға бөлінгені жайлы бұған дейін Azattyq Rýhy тілшісі жазған еді.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ баба ауылының биігінде жүргізіліп жатқан қос тоннельдің әрбірінің ұзындығы 1 шақырымға жуықтайды. Бұл құрылыстың басты мақсаты – қыс мезгілінде жолдың бетін қар басып қалмас үшін, яғни, жол қозғалысын жеңілдету үшін қолға алынған. Алайда, құрылысы 2019 жылы аяқталуы тиіс болған жоба тек келер жылы ғана ашылады деп күтіліп отыр.

«Жару жұмыстары кезінде айтарлықтай қиындықтар болды. Өткен жылы тоннельдің бірінің төбесі опырылып түсті. Алайда, оқыс жағдай түнде болғандықтан ешкім зардап шеккен жоқ. Сондықтан уақытынан кешігудің бір себебеі осы болды. Мұндай жағдайлар таулы аймақта жұмыс істеген соң, болып тұрады», - дейді мердігер компания өкілі Назим Гаджиев.

Төбесі опырылып қалған жерасты өткелінің жұмысы 2017 жылы басталған. Ол кезде халықаралық тендерді ұтып алған ирандық компания жұмысты соңына дейін жеткізбей кетіп қалған. Кейін екінші рет тендер ойнатылып, оны әзербайжандық компания жеңіп алған. Қазіргі уақытта жұмыстың жартысынан көбі аяқталып қалған. Ал екінші өткелде жару жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

«2017 жылы «EVRASCON» жалпы құны 8,4 млрд теңге болатын 840 метрлік қос жолды туннель құрылысын қайта құру бойынша жұмыстарды бастады. Осы жылы пандемияға байланысты шектеулер құрылыс барысына қатты әсер етті. Осыған байланысты жабдықтарды жеткізу, персоналдың жетіспеушілігі және қаржылық қиындықтар болды», - деп түсіндірді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков.

Келер жылдың басында бұл екі тоннельдің бір беткейін ашу көздеп отыр. Ал одан кейін жылдың ортасында толық тапсыру жоспарланған. Жобаның жұмысы аяқталған соң, компания өкілдері небәрі 2 жыл кепілдік береді екен. Бетонмен көмкерілген жерасты өткелі 100 жылға дейін шыдас беретін көрінеді.