Жамбыл облысында жыл басынан бері 3 тоннадан астам есірткі тәркіленді
Жақында 42 жастағы тұрғыннан 16 келіден астам кептірілген марихуана табылды
Жамбыл облысының полицейлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан үш тоннадан астам есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«21 қарашада полиция қызметкерлері 42 жастағы тұрғыннан 16 келіден астам кептірілген марихуана тауып, тәркіледі. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті өз кінәсін мойындады және қамауға алынды», - деп жазылған ақпаратта.
Сонымен қатар Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері 785 қылмыстық құқық бұзушылық дерегін анықтады. Оның ішінде 120 есірткі өткізу дерегі, есірткіні аса ірі көлемде сақтаудың 59 дерегі, 5 есірткі контрабандасы, 4 есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау және 574 қылмыстық теріс қылық дерегі бар. Полицейлер заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам түрлі есірткіні тәркілеген.