Елордада рұқсат етілмеген жерден өткен 200-ден астам адамға айыппұл салынды
Қалада екі күнде 1,5 мыңға жуық жол ережесін бұзу әрекеті анықталды
Елордада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ю
Жедел-профилактикалық іс-шарасының екі күнінде полиция 1,5 мыңға жуық жол ережесін бұзу әрекетін анықтады, оның 23-ін қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған. Көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарған 118-ден астам автокөлік жүргізушісі ұсталса, оның алтауы бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. Сонымен қатар, рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өткен 200-ден астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
Екі күн ішінде 10 жүргізуші алкогольдік масаң күйде ұсталды. Коммуналдық тегін автотұраққа 50-ден астам көлік орналастырылды. Сондай-ақ елордада Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі жалған мемлекеттік нөмірмен жүргені үшін ұсталды. Мемлекеттік тіркеу белгісі тізілімнен 2012 жылы алынып тасталғаны анықталды. Ұсталған жүргізушінің айтуынша, ол 2020 жылдың қазан айынан бастап жалған нөмірлермен көлік жүргізген. 29 жастағы жүргізушіге қатысты, ӘҚБтК-нің 590-бабы, 4-бөлігі бойынша стандарт талаптарына сәйкес келмейтін нөмірлік белгілері бар автокөлікті басқарғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Автокөлік коммуналдық тұраққа орналастырылды.
«Үш күн ішінде полиция жол ережесін өрескел бұзу әрекетін анықтап, жолын кесуде. «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», - делінген қалалық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.