Түркістан облысында 100 жастағы кейуана жаңа құжат алды
Келес ауданының тұрғыны көмектескен азаматтарға алғысын айтты

Түркістан облысының полицейлері 100 жастағы кейуананың құжатын жаңартып берді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес АПБ-нің полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға, соның ішінде қарттарға, ҰОС ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құжатын жасап беруге үнемі көмек көрсетіп отырады. Осы мақсатта Келес АПБ-нің қызметкерлерінен құрылған мобильдік топ халық арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жеке куәлігінің мерзімі өткен бір ғасыр жасаған әжені анықтады. Осылайша, Келес ауданының тұрғыны Махира Сейдахметоваға құжатын қайта жасап беруге көмек беріліп, дайын құжаты табысталды. 100 жасқа келген кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды.
«Жұмыстарыңа табыс тілеймін. Еліміз аман болсын, Сендер көбейіп, өсіп-өне беріңдер. Рахмет айтамын!», – деп ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде құжаттанбаған немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға, егде жастағы жүріп-тұруы қиын қарияларға құжат рәсімдеу мақсатында көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылып, қарқынды жұмыс жүргізуде.