$ 537.63  622.52  6.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2020, 10:13
Жаңалықтар

Елімізде алғаш рет саяси қызметшілерді ротациялау енгізілді

Бұрын ротация әкімшілік қызметшілерге ғана қолданылған

Елімізде алғаш рет саяси қызметшілерді ротациялау енгізілді
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде алғаш рет саяси қызметшілерді ротациялау институты енгізілді. Яғни саяси қызметшілер атқаратын лауазымына тағайындалған күннен бастап әрбір төрт жыл сайын ротацияланатын болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.

Хабарламада тиісті мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша, саяси қызметшінің атқаратын лауазымы екі жылға ұзартылуы мүмкін. Ал одан кейін екі жылға ұзарту Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша ғана мүмкін болатыны жазылған. Осылайша, саяси қызметшілердің лауазымда болуының рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі сегіз жылдан аспайды.

 «Сондай-ақ, осы жарлықпен «Б» корпусының қызметшілерін ротациялау тәртібіне толықтырулар енгізілді. Мәселен, әкімдіктер басқармаларының басшыларына өңіраралық ротациялау енгізілді (бұрын оларды ротациялау тек бір әкімдік шегінде ғана мүмкін болатын). Бұл ретте мұндай ротация әкімдіктерде командалық орын ауыстыруға жол бермеу мақсатында Агенттікпен келісім бойынша жүргізілетін болады», - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, соңғы үш жылдан кем емес белгілі бір басшылық лауазымдарды атқаратын, оның ішінде әртүрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін «Б» корпусының қызметшілерін ерікті ротациялау жүйесі енгізілгені белгілі болды. Мұндай ротация басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке ғана мүмкін болады.

Зейнеткерлік жасқа толғанға дейін үш және одан аз жыл қалған қызметшілерге ротациядан бас тарту құқығы берілген.

«Ротацияның негізгі мақсаты - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қызметшілердің кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін дамыту және тиімді пайдалану болып табылады», -деп көрсетілген агенттіктің хабарламасында.

Осы Жарлықпен «Б» корпусының қызметшілерін мемлекеттік органдардың ішінде ауысу тәртібімен тағайындау мүмкіндігі енгізілді.

Демек, мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік орган ішіндегі өзге де тең дәрежелі лауазымға, сондай-ақ, жоғары тұрған лауазымға осы мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл төмен тұрған лауазымда өтілі болған жағдайда ауысу тәртібімен тағайындалуы мүмкін.

Айта кетейік, бұрын ротация әкімшілік қызметшілерге ғана қолданылған.

Саяси қызметшілерді ротациялау институты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары