Қазақстандықтар Еркебұлан Мүсірепті ақтық сапарға шығарып салды
Ол 7 қараша күні 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды
ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Еркебұлан Мүсірепті әріптестері ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ол ауыр науқастан 7 қараша күні қайтыс болған. Суыт хабарды Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрінің баспасөз қызметі де растап, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімінің Алматыда өткенін мәлімдеді.
Мүсіреп Еркебұлан Саламатұлы 1946 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Ол - белгілі музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2003), «Құрмет» орденінің иегері. Алматыдағы П.И Чайковский атындағы музыкалық училищені баян және оркестр дирижері мамандығы бойынша бітірген. Ленинград жоғары мәдениет мектебін және Мәскеу мәдениет институтын тәмамдаған. КСРО-дағы ең үздік бес баяншының бірі саналады.
Еркебұлан Саламатұлы «Гүлдер» республикалық ансамблінің директоры және «Қазақконцерт» директорының орынбасары сынды лауазымды қызметтерде жұмыс істеді.
«Ол ешкімді ренжіткісі келмейтін. Қатты сөз айтып қалса, сөзінің аяғын қалжыңға айналдырып жіберетін. Ол кісінің ұйымдастыру қабілеті өте жоғары еді», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ләйлә Назова.
Ол еліміздің мәдениет мұрасына және дамуына әлшеусіз үлес қосып, 20 жылдам астам уақыт бойы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрін басқарды. Оркестрмен әлемдік турне жасаған Еркебұлан Саламатұлы Ахмет Жұбанов құрған оркестрдің бұрынғы атақ-даңқын қалпына келтірген қайраткер саналады.
Еркебұлан Саламатұлы «Әлемге әйгілі оркестр» атты деректі-суретті тарихи еңбектің авторы. Онда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің тарихы, жетістігі мен ерекшілігі және дарынды тұлғалар туралы жазылған.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова марқұмның жақындарына көңіл айтып, Еркебұлан Мүсірептің жасап кеткен еңбегі ұмытылмайтынын жеткізді.
«ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Саламатұлы Мүсірептің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Еркебұлан ағамыз саналы ғұмырында қазақ мəдениетін байытуға зор үлес қосқан өз ісінің майталманы, жаны жайсаң азамат еді. Бірқатар өнер ордасына жетекшілік етіп, көптеген өнерпаздың танылуына, ұлттық музыка өнерін өркендетуге, алыс-жақын шетелдерде насихаттауға атсалысты. Адамгершілігі зор, болмысы бөлек кең пейілді ағамыздың жарқын бейнесі қалың елі қазағының жадында мəңгі сақталады. Еркебұлан Саламатұлының көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!», - делінген министрдің көңіл айту жеделхатында.
Еркебұлан Саламатұлы ұлттық музыка өнерін өркендетуге мол үлес қосты. Мүсіреп басшылығымен оркестр ұжымы Қазақстанның облыстарын түгел аралап, халықты рухани азықпен сусындатты. Ресей, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Үндістан, Италия сынды әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, ұлттық мұрамызды шетелдіктерге танытты.