Нұр-Сұлтанда 102 мыңға жуық тұрғын тұмауға қарсы екпе алды
Биыл халықты вакцинациялау үшін 110 мың доза сатып алынған
Нұр-Сұлтанда 101 950 адам БМСК ұйымдарында тұмауға қарсы вакцина алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тұмауға қарсы екпе ұлттық екпе күнтізбесіне кірмейді, бірақ жыл сайын жергілікті бюджеттен сатып алынады. Биыл халықты вакцинациялау үшін 110 мың доза сатып алынды. Елордада тұмауға қарсы вакцинация науқаны қыркүйектің 10-ында басталып, 15 қазанға дейін созылды.
«Дәстүрлі түрде екпе қазан-қараша айларында жүргізіледі. Коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты маусымдық аурулар кезеңіндегі жағдай күрделене түсуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін вакцинацияны алдыңғы жылдарға қарағанда ертерек бастау керек болды. Бұл өз нәтижесін берді», - деп атап өтті БМСК басқармасының бөлім басшысы Әлия Өмірзақова.