$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.11.2020, 11:36
Жаңалықтар

«Кезек күттірмейтін мәселе»: Шөкеев Шардара су қоймасындағы қауіп жайында айтты

Өңір басшысы Үкіметтен Шардара су қоймасына назар аударуды сұрады

«Кезек күттірмейтін мәселе»: Шөкеев Шардара су қоймасындағы қауіп жайында айтты
Фото: wikipedia.org

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін Сенатта өткен Үкімет сағатында өңірдегі өзекті мәселеге айналған Шардара су қоймасының бүгінгі жағдайын баяндады.

«1969 жылы апатты жағдай болған. Қазір 50 жылдан асты. Мұндай апат 50 жыл көлемінде болып тұрады. Осындай жағдай қайталанса, Шардара, Отырар аудандары, Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жақ жағалауындағы елдімекендер, яғни Түркістан облысының 60 мыңнан астам тұрғынын және Қызылорда облысының 200 мыңнан аса тұрғыны су астында қалу қаупі бар» - деді Түркістан облысының басшысы.

Өмірзақ Шөкеев баяндама барысында биыл көктемде су астында қалған Мақтаарал ауданындағы жағдайды да еске алды. Мәселен, осы көктемде жарылған Сардоба су қоймасына 900 млн текше метр су жиналса, Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд текше метрді қамтитынын айтты.

«Мәселенің көтеріліп келе жатқанына 5-6 жыл болды. Министрлік пен Үкімет осыған назар аударса дейміз. Сондықтан шұғыл түрде Шардара ауданындағы Шардара су қоймасының оң жағалауынан өтімдігі секундына 1500 текше метр болатын апатты су қашыртқы салу қажет. Кезек күттірмейтін бұл мәселе екі облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына алып келуі мүмкін», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Әкімнің айтуынша, су қоймасы құрлысына байланысты техникалық-экономикалық негіздеме дайын. Өңір басшысы айтылған мәселеге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен тиімді жауапты күтетінін айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары