$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.09.2019, 19:44
Жаңалықтар

Кәсіпкерлерге жер мәселесі кедергі келтіріп отыр

Кәсіпкерлік саласында ең жиі кездесетін қиындық – жер қатынастары саласында тіркелген

Кәсіпкерлерге жер мәселесі кедергі келтіріп отыр

Түрлі құжаттарды рәсімдеу, салық, мемлекетік сатып алу. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Қазақстанда өз ісін ашып, бизнеспен айлалысқысы келетіндер тап болатын кедергі көп. Кәсіпкерлік саласында ең жиі кездесетін қиындық – жер қатынастары саласында тіркелген, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.

Бұл жөнінде Қызылжар өңірінің басшылығымен кездесуде Қазақстанның Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетов мәлімдеді. 2016-2018 жылдары бизнес-омбудсменге кәсіпкерлер тарапынан 17 053 арыз-өтініш түскен. Олардың 46 пайызы толық немесе жартылай шешімін тапқан. Ең жиі кездесетін шағым – жер қатынастары саласына тиесілі болса, тізімнің екінші сатысында салық қатынастары тұр.

«Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 110,8 млрд теңгені құрады. Оның басым көпшілігі заңсыз айыппұл салу, мүлікке шектеу қою сынды келеңсіздіктер. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қалпына келтіруге мемлекеттік органдарға 70 хат жіберілді. Жиі кездесетін кедергілер қатарында мемлекеттік сатып алулар мен құқық қорғау органдары тарапынан жасалатын қысым дар бар», - деді Болат Палымбетов.

Жиын соңында кәсіпкерлік кедергілерді жоюға бағытталған «Жол картасы» бекітілді.

«Жол картасында бизнес жүргізу үшін қажетті жер учаскелерін анықтап, оны аукционға қою, жер учаскелерінің мақсатты қолданылуын анықтайтын жұмыс тобын құру сияқты мәселелер енгізілді. Фермерлік шаруашылықтардың субсидия алуына қатысты және кәсіпкерлерді Мемлекеттік энергетикалық реестрге заңсыз енгізу мәселесі де осы жол картасы аясында қарастырылады», - деді СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында «Бизнес бастау» жобасы аясында биыл жергілікті 500 тұрғын кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп жатыр. Олар тегін білім алып, кейін мемлекеттің қолдауымен өз кәсіптерін жолға қоятын болады. Яғни, бюджеттен оларға қайтарымсыз қаржы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары