БҚО-да мал ұрлығы өршіп тұр
Базарлардағы мал дәрігерлері заңсыз жолмен ветеринарлық анықтама беруден тыйылар емес. Соның салдарынан ұрланған мал еті жалған анықтама арқылы тасымалдануда, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Заңсыз ветеринарлық анықтама мал ұрлығының өршуіне сеп болуда. Бұл жайында Өңірлік коммуникация қызметінің брифингінде БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов айтты. Биылғы 8 ай ішінде 209 мал ұрлығы тіркелген. Әсіресе, Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы және Бөрлі аудандарында мал ұрлығы өршіп тұр.
Жыл ішінде ұрланған малдың 55,3 пайызы иелеріне қайтарылды. Қазақтың бітімге тез келетін қасиеті де қылмыскерді әшкерелеуге кедергі болуда. Жыл басынан бері жәбірленуші мен күдіктінің татуласуынан 83 мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Полицияның дер кезінде қимылдауынан 168 қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынса, оның 75-ін сот пен прокуратура босатты. Олардың арасында 45-і бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысы болған соң ұсталған.
БҚО полиция департаментінің бастығы мал ұрлығының белең алуына себеп болып отырған жайттарды ашып айтты. Біріншіден, барлық ауданда орталықтандырылған мал бағымы ұйымдастырылмайды. Екіншіден, мал басын белгілеу, таңбалау және ет өнімдерін тасымалдау кезінде ветеринарлық анықтама алуда олқылық бар. Ауылдық елді мекендердегі және Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарындағы мал дәрігерлері заңсыз жолмен ветеринарлық анықтама беруден тыйылар емес. Соның салдарынан ұрланған мал еті жалған анықтама арқылы тасымалдануда. Мамыр айында «Мал ұрлығы» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ет өнімдерін заңсыз тасымалдауға қатысты 6 факт анықталып, кінәлілерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес 151 500 теңге айыппұл салынды.
Биыл мал ұрлығымен айналысқан 135 адам және 21 қылмыстық топ ұсталды. Махсудхан Аблазимов мал иелеріне GPS-бақылау мен түнде жарық шағылыстыратын флиппер қолдануды ұсынып жатқандарын айтты.
«GPS-трекердің екі түрі бар. Біріншісі, ұялы байланыс операторлары базасы бақылайтын трекер құны 30-50 мың, екіншісі, спутниктік байланыс негізінде басқарылатын трекер құны 80 мың теңгеден басталады. Екеуінің ай сайынғы пайдалану ақысы 2000-нан 6000 теңгеге дейін. Құрылғыны бір ғана малға салып қойып, табындағы малды немесе үйірді бақылаған тиімді», – деді генерал-майор.
Айта кетейік, БҚО-да биылғы жыл басынан бері 6346 қылмыс тіркелген. Ауыр және аса ауыр қылмыс саны артқан. Тіркелген қылмыстың 55,2 %-ы – ұрлық істері. 8 ай ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 3518 дерек тіркеліп, соның 1758-і ашылды.
Нұртай Текебаев