«7–20–25» тек мегаполистерде сәтті жүзеге асып жатыр
Соңғы жылдары Қазақстанда кредит беру нарығында ипотекалық несиенің көлемі айтарлықтай өскен
2019 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша Қазақстанда берілген ипотекалық займдар 30,2% -ға артып, 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Ал, өткен жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңге болған. Бұл туралы мәліметті finprom.kz беріп отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда кредит беру нарығында ипотекалық несиенің көлемі айтарлықтай өскен: шілде айының қорытындысы бойынша ипотека үлесі 11,8% болған (жыл бұрын — 9,1%, бес жыл бұрын —7,7%). Осылайша нарықта ипотекалық займдардың маңызы артқан. Ипотекалық несиені ипотекалық ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер береді. Сондай ақ, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында түрлі ипотекалық бағдарламалар да қолға алынды. Мәселен, «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін елімізде 8 банк несие береді: «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «ХалықБанк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «First Heartland Jýsan Bank» АҚ, «ForteBank» АҚ және«Еуразиялық Банк» АҚ. Соңғы мәліметке сүйенсек, «7–20–25» бағдарламасы бойынша 17,8 мың өтініш түскен (201,3 млрд тг), соның ішінде банктер 10,5 мың адамын өтінішін мақұлдаған (120,3 млрд тг). Нақтырақ айтатын болсақ, банктер өтініш берушілердің 58,9%-ына несие берген.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін серіктес банктер үлкен рөл атқарып отыр. Бұл жағынан бірінші орында Банк ЦентрКредит алда келеді. Аталмыш банк 64,3 млрд теңге ипотекалық займ беріп үлгерген, бұл жалпы соманың 60,4% көрсеткіші. Ниесие алу туралы өтініштерді де ең көп мақұлдаған осы банк (75,6%).
Екінші орында Сбербанк, бағдарлама бойынша 20,1 млрд теңге көлемінде ипотекалық несие берген. Үздік үштікке Халық банк те кіреді, бағдарлама бойынша 8,3 млрд теңгеге несие берген.
Ең көп ипотекалық несие алғандар еліміздегі ірі мегаполис тұрғындары. Нұр-Сұлтанда - 43,3 млрд тг (Қазақстан бойынша үлесі - 40,7%), Алматыда - 24,5 млрд тг (23%), Шымкентте - 4,5 млрд тг (4,2%).