$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.10.2020, 13:22
Жаңалықтар

Фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында еш байланыс жоқ – Саша Барон Коэн

Фильмнің басты кейіпкері не үшін «Борат» фильміне Қазақстанды таңдап алғанын түсіндірді

Фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында еш байланыс жоқ – Саша Барон Коэн
Фото: nytimes.com

Британдық комик Саша Барон Коэн «Борат» және «Борат-2» фильмінде неге Қазақстан атын пайдаланғанын айтты. Сценарий авторы мен атышулы фильмнің басты кейіпкерінің түсініктемесін The New York Times жариялады.

«Бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдадым. Соның арқасында ерсі, комедиялық, жалған әлемді көрсете алдық. Нағыз Қазақстан –заманға сай, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел», – деді Коэн редакцияға электронды пошта арқылы жолдаған хатында.

Жақында көпшілік Қазақстанның атына кір келтірді деп айыптаған «Борат» фильмінің жалғасы шықты. «Борат» комедиясының бірінші бөлімінде Америка жеріне барған Борат атты «қазақ журналисінің» басынан кешкені баяндалады.

Кинодағы басты кейіпкер –Борат Сағдиевтің рөлін сомдайтын ағылшын актері Саша Барон Коэн түскен «Борат» фильмінің алғашқы бөлімі 2006 жылы көрерменге жол тартса, «Борат-2» деген атаумен шыққан сиквелдің премьерасы 2020 жылдың 23 қазанында Amazon Prime сервисінде болды.

Фильмнің премьерасы болған күні Алматыда бір топ жас АҚШ-тың Бас консулдығының алдына жиналып, «Борат-2» деген атпен жарық көрген фильмнің әлемдік прокатқа шығуына қарсылық білдірді.

Қазақстан қоғамында көп талқыланған атышулы фильмге байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі түсінік беріп, адресаты жоқ болғандықтан наразылық нотасын жолдаудың мәні жоқ екенін мәлімдеді.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Kazakh TV телеарнасына берген сұхбатында «Бұл – бар болғаны, кино. Көрермен киноға барады, көреді, сонымен бітті» деп пікір білдірді.

Серіктес жаңалықтары