Атыраудағы жылжымалы зертхана тәулігіне 500 адамнан ПТР-тест ала алады
Жүк көлігіне орнатылған соңғы үлгідегі автозертхананы аудандарға да апаруға болады

Атырау облыстық обаға қарсы күрес станциясына жылжымалы зертхана келді. Онда тәулігіне 500 адам ПТР сынамасын тапсыра алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі Зият Әбдел мұндай мобильді зертхана бактериялық, инфекциялық зерттеулерді жедел анықтауда маңызды екенін айтты.
«Жүк көлігіне орнатылған соңғы үлгідегі автозертхананы аудандарға да апаруға болады. Құмды, тау-тасты жолсызбен де жүре алатын мүмкіндігі бар. Жылжымалы зертханалар алыс елдімекенде, далада аса қауіпті инфекцияларға, дербес және инфекциялық ауру ошағында медициналық мекеме жанындағы іссапарға жіберілген стационарлық сараптама орны ретінде жұмыс істей алады», - деді Зият Әбдел.
Айта кетейік, жылжымалы медициналық көлік Денсаулық сақтау министрлігі тапсырысы негізінде дайындалып, зертхана қажеттілігі бар өңірлерге берілген.