Онлайн-петиция жүйесі әлемнің 30 елінің тәжірибесімен жүзеге асырылады – Аида Балаева
Қазіргі таңда, «петиция» ұғымын нақты бекітетін және оны ұсыну мен қарау тәртібін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленуде
Елімізде электронды петиция жүйесі шетелдік тәжірибе аясында жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Ақпарат министрлігі Аида Балаева ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Президент өзінің Жолдауында халықтың өтініштерін онлайн петиция арқылы қабылдау жөнінде айтып өткен болатын. Осыған орай бүгінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында біршама жұмыстарды атқарғанын мәлімдеді.
«Бұл орайда біз әлемнің 30-ға жуық елінің тәжірибесін зерттеді. Көптеген елдерде петиция –ұжымдық өтініш білдірудің электрондық формасы болып саналады және заңнамалық деңгейде реттеледі. Осының негізінде, қазіргі таңда «петиция» ұғымын нақты бекітетін және оны ұсыну мен қарау тәртібін реттейтін тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленуде. Әрине, өтінішті міндетті түрде қарау үшін оған қажетті дауыс берушілердің шекті санын анықтау қажет. Әлемде бұл көрсеткіш 10 мыңнан 100 мың адамға дейін қарастырылады» - деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр медиациялық тетіктерді жетілдіру арқылы қоғамдағы даулы мәселелерді шешу жолдарын нығайтатынын айтты.
«Біздің қоғамда түрлі деңгейдегі дау-жанжалдардың басым бөлігін тек сот арқылы шешу кең тараған. Бұл азаматтар үшін ыңғайсыздық туғызып келеді. Біріншіден көп уақыт алады. Қаржылық шығын бар. Сот жүйесіне шамадан тыс жүктеме жасайды. Мысалы, дауларды сотқа дейінгі реттеу кезінде қаралатын істер саны 2 пайыздан аспайды. 2019 жылы қаралған 2 млн 600 істің тек 42 мыңға жуығы медиация тәртібімен реттелген. Осыған байланысты сотқа дейінгі және соттан тыс медиация институтын дамыту қажет» - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан