$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.10.2020, 18:59
Жаңалықтар

«СҚ-Фармация» басшылығы халықтың сенімін қайтара ала ма?

БАҚ өкілдері бірыңғай дистрибьютордың елордадағы қоймасын аралады 

«СҚ-Фармация» басшылығы халықтың сенімін қайтара ала ма?
Фотолардың авторы: Батыржан Беспаев

Бүгін «СҚ-Фармация» компаниясының Нұр-Сұлтан қаласындағы қоймасына БАҚ өкілдерінің қатысуымен арнайы мониторинг жүргізілді. Бір топ жауапты мамандардың арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мен қоғамдық бақылау мүшелері болды.

Мемлекет басшысы тарапынан қатты сынға ұшыраған С«Қ-Фармацияның» жаңа басшысы Ерхат Есқалиев кездесу барысында компанияның жұмысы барынша ашық түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұл жерде ешқандай көзбояушылық жоқ. Негізгі мақсатымыздың бірі – халықтың сенімін қайтару. Біз мұндай сенімді тек осындай тексеріс органдарының, қоғамдық бақылау мүшелерінің арқасында ғана қайтара аламыз. Әлеуметтік желіде де атқарып жатқан шаруамызды ашық жариялап отырмыз. Мәселе оңай жолмен шешіле салмасы анық. Барлық сын-ескертпелерден қорытынды жасауға тырысамыз» - деді «СҚ-Фармация» басшысы.

Биыл мекеме жалпы құны 14,50 млрд теңгені құрайтын 85 тапсырыс берушімен 721 келісімшарт жасасқан. Айтуынша, бүгінде аталған соманың 13,95 млрд теңгесіне алынған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар діттеген жерге жеткізілген. Бұл жағдайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те қатаң бақылауға алған.

«Астана адалдық алаңы» жобасы менеджерлерімен бірігіп, жаз бойы осы қойманы, дәріханаларды, емханаларды түгел тексердік. Сол жерлердегі кездескен кемшіліктердің бәрін жою үшін ұсыныстар берілді. Қазір «СҚ-Фармация» компаниясы барлық жерде ашық түрде жұмыс істеп жатыр» - деді Сыбайлас жемкқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева.

Жалпы, «СҚ-Фармацияға» тиесілі елордадағы қойма республика бойынша 85 медициналық мекемені дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отыр. Олардың ішінде бесеуі - республикалық клиника, сексені - қалалық медициналық орталықтар. Сондай-ақ, компания басшылығы коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрі-дәрмектің екі айлық қоры құрылғанын ескертті.

Еске сала кетейік, 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қоры басшыларын жұмыстан босатуды тапсырды.

11 шілдеде «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп қызметінен кетті.

13 шілдеде Жемқорлыққа қарсы агенттік «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорын тексеруді бастады.

21 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «СҚ-Фармация» ЖШС-нің жаңа басшылығын ашық болуға шақырды.

14 тамызда «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы уақытша қамауға алынды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары