Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Солтүстік және батыс облыстарда қар жауып, тұман түсуі мүмкін
22 қазан күні ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласында күндіз солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15-20 м/с жетеді.
Сондай-ақ Түркістан облысының кей жерлерінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с артады. Шымкент қаласында түнде және таңертең оңтүстік-батыстан жел соғып, екпіні 15-20 күшейеді.
Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде аздаған жауын-шашын, көбінесе қар, тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Қызылорда облысында батыстан соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с болады.
Павлодар облысында оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20 м/с артады.
Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болуы мүмкін. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғып, күндіз кей жерлерде күші 15-20 м/с артады.
Қостанай облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болжанады. Солтүстік-батыстан жел соғады, күші түнде кей жерлерде, күндіз басым бөлігінде 15-20 м/с жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғатын жел 15-20 м/с, екпіні 25 м/с артады.
Ақмола облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман, көктайғақ болады. Солтүстік-батыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 15-20 м/с жетуі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысының күндіз басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы мүмкін. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болады. Батыстан жел соғып, күші 15-20 артады.