Болат Бақауов елордалық журналистерге: «Сіздер Павлодардың патриоты емессіздер»
Облыс әкіміне журналистердің рейтинг туралы қойған сауалы ұнамады
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңір басшылары туралы жасалатын әртүрлі рейтингтердің бірінде көш бастап, бірінде ортасында жүремін дейді. Б.Бақауов әкімдер рейтингіне қатысты елордалық журналистердің сұрағына «Сіздер Павлодардың патриоты емессіздер» деп жауап берді.
Негізі, астаналық журналистер Павлодар облысының әкіміне өз аймағында жүргізілген сауалнама бойынша төмен орында тұрғанын айтып, сұрақ қойған еді.
«Мен жақында ғана басқа рейтингті көрдім. Ортасында жүр екенмін. Түрлі-түрлі рейтингтер бар ғой. Мысалы, он оқырманы бар адам делік. Ол сауалнама жүргізгенде сегізі қарсы болып, екеуі қолдаса, адамдардың сексен пайызы қарсы болып шығады ғой. Менің ойымша, ең күрделі рейтинг - Президент әкімшілігі жасаған рейтинг. Онда берілген тапсырманың орындалу деңгейі, меморандумдар саны, жолдардың сапасы, жол апаттарының саны, тағы да басқа көрсеткіштер бар», - дейді Болат Бақауов.
Облыс әкіміне журналистердің рейтинг туралы қойған сауалы ұнамады.
«Сіздермен бірге біздің өңірдің рейтингісін жасайық. Мен Нұр-Сұлтанда отырып, сіздермен Павлодар туралы айтқым келмейді. Өйткені, сіздер біздің облыстың патриоты емессіздер. Егер сіздерді Павлодар облысы қызықтырса, сонда барып жұмыс істеңіздер», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан