$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.11.2019, 16:13
Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан диқандары салық төлеуді тоқтатпақ

Оған себеп – жолдардың нашарлығы 

Солтүстік Қазақстан диқандары салық төлеуді тоқтатпақ

Солтүстік Қазақстан облысының диқандары жаз бойы маңдай терін төгіп жиған астықты элеваторларға уақытылы жеткізе алмай отыр. Оған себеп – жолдардың нашарлығы. Кейбір тұрғындар жол жөнделмесе салық төлеуді тоқтататындықтарын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарына апаратын жолдардың сапасы өте нашар. Аудандағы серіктестіктер мен шаруа қожалық басшылары осы мәселенің шешілуін талап етіп отыр. Ал кейбір тұрғындар жол жөнделмесе салық төлеуді тоқтатпақ.

Жол азабын жүрген біледі. Денис Копытин «Аққайың» астық қабылдау бекетінің іргесінде орналасқан элеваторда еңбек етеді. Нашар жолдың кесірінен көлігі сынып, жиі жөндетуге тура келетін көрінеді. Көліктің қосалқы бөшектерінің бағасы да арзан емес. Сондықтан жігіт белшесінен шығынға батып жүргенін айтады.

«Екі күн бұрын 7 мың теңге салық төледім. Не үшін? Мынадай жолдар үшін бе? Жылына бірнеше рет көлігімді жөндетем. Бүгін тағы көлік жөндеу бекетіне баруым керек. Онсыз тағы болмайды, көліктің арқасында нәпақамды тауып, отбасымды асырап отырмын», - дейді ол.

Аққайың адуанының әкімі Рүстем Елубаев бұл жағдайдан құлағдар. Бірақ, осыған дейін бюджеттен тиісті қаражат бөлінбепті. Шенеунік жолдарды жөндеу мәселесі келер жылдың еншісінде екенін жеткізді. 

«Келесі 2020 жылға жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Өткенде облыс әкімі аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге қаржы бөлінетіндігін айтты. Мәселе келер жылы шешімін табады», - дейді шенеунік.

Бөлінген қаржыға тек Смирнов пен Қиялы ауылындағы ірі элеваторларға апаратын жолдар жөнделмек. Ал қалған қоймаларға астық тасымалдайтындар әлі неше жыл бойы қиналары белгісіз. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары