Алматылық жастарға айына 5 мың теңгеге жалдамалы пәтерлер беріледі
Оны алу үшін жалақыңыз 101 мың теңгеден кем болмауы керек
Алматы жастарына ай сайынғы құны небәрі 5 мың теңге болатын пәтерлер жалға берілмек деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Аталған бағдарлама бойынша жастар тарапынан 1244 өтінім келіп түстіпті. Алайда, әкімдік тек 249 адамға ғана жалдамалы баспана бере алатынын айтып отыр. Пәтерлердің аумағы 40 шаршы метрдің шамасында.
Қалада жұмыс істейтін жастардан жалдамалы баспанаға құжат қабылдау 30 қазан мен 12 қараша аралығында жүрген. Екі апта ішінде 1244 адамнан электронды өтініш түсіпті. Қазір құжаттар жинастырылып, балл жүйесі бойынша сұрыпталып жатыр. Ең жоғары ұпай жинаған 249 үміткерге қараша айы аяқталғанша жалдамалы пәтерлер берілмек. Конкурсқа 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Жалдамалы баспанаға ие болғандар бұл жерде тек 5 жыл тұра алады. Осы аралықта жастар өз үйлеріне қаражат жинап, мемлекеттің үйін босатуы тиіс. Жастарға деп салынған тұрғын үйлер «Саялы» шағынауданында орналасқан.
«Өтініштер алдағы 10 күннің ішінде қаралып, толық тізім www.almaty-jastary.kz сайтында жарияланады. Тұрғындар тарапынан шағымданушылар бар. Олар аталған тізімге шенеуніктердің туыстары ғана өткен дейді. Алайда, өтініш электронды түрде, 29 жасқа дейінгі азаматтар үшін ашық болды. Ол пәтерлерді өзгеге жалға бере алмайды. Тек сонда тіркелген адамдар ғана тұруы тиіс. Бәрі келісімшарт бойынша жүргізіледі. Жалдау ақысы 5 мың теңге шамасында. Үш бөлмелі пәтерлер 12 мың теңгеге дейін барады. Бірақ ол жастарға берілмейді», - деді Алматыда өткен баспасөз жиынында Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев.
Айта кетейік, жалдамалы пәтерге Алматы қаласында кемі екі жыл тіркеуде тұрған және жалақысы 101 мың теңгеден кем емес жастар ғана үміттене алады. Әкімдік алдағы уақытта мұндай пәтерлердің санын 1050-ге дейін жеткіземіз деп отыр.