Нұр-Сұлтанда жалған жүргізуші куəліктерін «сатқан» адам ұсталды
Ол жыл басынан бері алты азаматты алдап үлгерген
Нұр-Сұлтанда полицейлер интернет арқылы жүргізуші куәлігін жасау қызметі туралы хабарландырулар жариялаған алаяқты ұстады. Бұл жайында Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Тəртіп сақшылары оның үйін тінту кезінде мөр, 75 сим-карта, тағы да басқа заттарды анықтады. 40 жастағы ер адам азаматтарға жеке куәлігін көрсеткен, алайда тексеріс барысында құжаттың бұрын алаяқтың құрығына түскен бөтен адамға тиесілі екені анықталған», - деп жазылған хабарламада.
Өзінің қызметтері үшін ол ақшаны электрондық әмиянға аударуды сұраған. Төлем жасалғаннан кейін байланысқа шықпаған. Осы схема бойынша алаяқ жыл басынан бері алты азаматты алдап үлгерген.
Күдікті тергеу изоляторына қамалды, оған қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Ақпараттық жүйені қолданушыға қатысты алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.