$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.10.2020, 11:51
Жаңалықтар

Қазақстанда 15 мың құстың иесіне 75 млн теңгеден астам өтемақы төленді

Қазақстандағы құстардың 0,9 пайызы қырылып қалған 

Қазақстанда 15 мың құстың иесіне 75 млн теңгеден астам өтемақы төленді
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда құс тұмауынан қырылған қанаттылардың саны 400 мыңнан астып кетті. Осы күнге дейін тиісті құжаттарын тапсырып үлгерген 15 мың құстың иесіне 75 млн теңгеден астам өтемақы төленді. Қазіргі уақытта жұқпалы дерттің бәсеңдегені байқалады. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қазақстанда жалпы саны 46 млн-нан астам құс бар. Оның 0,9 пайызы қырылып қалған. Басым көпшілігі фабрикаларға тиесілі. Құс тұмауына байланысты, еліміздің 7 облысының 78 елді мекенінде карантин енгізілді. Құстың ең көп шығыны СҚО-да тіркеліп отыр.

«Ақтөбе және Түркістан облыстарында, Шымкентте, сондай-ақ Ақмола облысының үш ауданында, Жамбыл облысының екі ауданында, Қызылорда облысының бір ауданында және СҚО-ның екі ауданында құс тұмауы расталмады. Қыркүйек айының ортасынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғары патогенді құс тұмауын жұқтырудың салдарынан 25 мыңға жуық құс өлімі тіркелді. Сонымен қатар, инфекция ошақтарынан 20 177 бас құс тәркіленді. Осылайша, қазіргі уақытта барлығы жеке қосалқы шаруашылықтағы 45 110 бас құсқа, оның ішінде 27 393 бас тауық, 777 күркетауық, 10 141 қаз, 6 799 бас үйрек үшін өтемақы беріледі», – деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Тұрсын Қабдолданов.

Жиында айтылғандай, 2020 жылғы жоспар бойынша ақпан айында құс тұмауына қарсы вакциналауға шамамен 3,4 млн доза бөлінді. Қыркүйек айында СҚО-да құстардың жаппай қырылуы басталған кезде індет табылған ошақтарды оқшаулау үшін қосымша 2,3 млн доза, содан кейін тағы 2 млн доза бөлінген. Осылайша, мәжбүрлі вакцинациялау аясында еліміздің 3 261 елді мекенінде 2,8 млн астам құс басы құс тұмауына қарсы егілді.

Бүгінде вакцинациялау Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында толығымен аяқталды.

Қазақстанда 64 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Оның 35-і жұмыртқа өндірумен айналысады. Қазір нарықта құс өнімдерінің, әсіресе жұмыртқаның қымбаттағаны байқалады.

«Бүгінгі жағдайда көпшілік құс өнімдерін тұтынуға қорқады. Оған еш негіз жоқ деп ойлаймын. Ауру табылған ошақтарда карантин жарияланып, ауру құстармен қатынаста болған құстар жойылады, залалсыздандыру шаралары жүргізіледі.  Ондай ошақтардан құсты және құс өнімдерін енгізіп-шығаруға тыйым салынады. Әр өнім ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтеді. Содан кейін ғана сауда орындарына түседі. Ол жерлерде ветеринариялық-санитариялық зертханалар бар. Тиісті талаптарға сай өнімдер ғана сатылымға жіберіледі», - деді ҚР АШМ ветеринарлық, фитосанитарлық және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Гүлжан Нұртазина.

Әлемнің 26 елінде жоғары патогенді құс тұмауы анықталған. Көрші Ресей Федерациясында бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарда және бір құс фабрикасында 1,5 миллионнан астам құстың қырылуы тіркелген.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары