Қазақстанда мақтаны сатып алу бағасы бекітілді
Қазақстандық мақта қауымдастығы және мақта өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен кеңес өтті
1 және 2-сұрыпты шитті мақтаның сатып алу бағасы бір келісіне 130 теңгеден жоғары болып белгіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандағы мақта саласы негізінен экспортқа бағытталғандықтан, ондағы баға саясаты сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады. Биыл қазақстандық мақта нарығында шетелдік компаниялардың белсенділігіне әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай мен Еуропадағы коронавирустың екінші толқынының таралуы әсер етті.
«Сатып алу бағасын анықтау мәселесін реттеу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Сапаровтың төрағалығымен Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қазақстандық мақта қауымдастығы және мақта өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен кеңес өтті. Кеңес қорытындысы бойынша өнімдерді сатып алу бағасы - 1 және 2-сұрыпты мақтаның 1 келісі үшін кемінде 130 теңге болып бекітілді», - деп жазылған ақпаратта.