Елордада тағы бір мамандандырылған ХҚКО ашылды
Бұл жерде күніне екі мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі

Нұр-Сұлтанда жаңа мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көлік құралдарын қайта тіркеу немесе жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін астаналық көлік иелері қала сыртындағы мамандандырылған ХҚКО-мен қатар, A-82 көшесінде орналасқан «Нұрлы жол» теміржол вокзалындағы бөлімге жүгіне алады, деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының баспасөз қызметі.
Бұған дейін барлық жүктеме елордадағы жалғыз мамандандырылған ХҚКО-ға түсетін. Ал қала тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл да халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктеменің артуына әсер етеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма басшысы Әсемгүл Балташеваның айтуынша,елордалық автоХҚКО-да күніне екі мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі.
«Көлікті сатып алушы азамат мамандандырылған бөлімге сатушымен бірге келетінін ескерсек, ХҚКО-дағы адам қарасы ешқашан азаймайды. Коронавирус пандемиясы шағында бір ғимаратта осыншама азаматты қабылдау қауіпті, сондықтан екінші мамандандырылған орталық ашу туралы шешім қабылданды», – деді Балташева.
Сондай-ақ, ол жаңа бөлімнің орналасқан жері азаматтар үшін өте ыңғайлы екенін атап өтті. Өйткені, орталық қала ішінде, сол жағалауға жақын жерде орналасқан.
Мамандандырылған ХҚКО-да автокөліктерді қайта тіркеуге арналған 23, жүргізуші куәліктерін ауыстыратын 3, сондай-ақ көтерме және жеңілдік терезелері үшін бір-бір жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар ішкі істер министрлігінің деректер базасынан ақпараттық анықтамалар беретін терезе қарастырылған.