«Nur Otan» жақтастары праймериздің бірінші кезеңін қорытындылады
Бауыржан Байбек праймериз басталғалы партия қатарына жаңадан 42 мың мүше қосылғанын айтты
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жақтастар лигасымен кездесіп, праймериздің бірінші кезеңін талқылады.
«150-ден астам белгілі саясаттанушыларды, қоғам қайраткерлері мен журналистерді топтастырған «Nur Otan» жақтастары лигасымен кездесуде партияішілік сайлауды ұйымдастыру барысын бақылауға айрықша атсалысып, айқындығы мен әділ өтуін қамтамасыз еткені үшін қоғам белсенділеріне алғыс айттым. Басқосуда праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысын егжей-тегжейлі талқыладық», - деп жазды ол.
Айтуынша, кандидаттар бір ай ішінде бір жарым миллионнан астам адамды қамтып, пікірсайыс өткізіп, идеялары мен жобаларын таныстырып, ел мен қоғам үшін маңызы туралы ойын ашық айтып, кәсіби, саяси қабілетін шыңдаған.
«Жүргізілген талдауға сәйкес, тіркелген 10 073 кандидаттың ішінде праймеризге барлық деңгейдегі қызметте жүрген 1410 мәслихат депутаты қатысты. Олардың 213-і партияішілік іріктеудің бірінші кезеңінен өте алмады. Яғни праймеризден мәслихаттардың қызметтегі депутаттарының үштен бірі ғана өтті.
Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 500-ден аса қатысушы – волонтерлар, көп балалы аналар, қарапайым педагогтар, дәрігерлер, кәсіпорын қызметкерлері және басқалар», - дейді Б. Байбек.
Праймериз партия қатарына жаңадан 42 мыңнан астам мүше қосылуына мүмкіндік берген. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 4-сі дауыс беру қорытындысы бойынша ең жоғары рейтингке ие болды.
«Праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдері 60%-тен астам жаңарады деп айтуға негіз бар. Жалпы, праймериздің елімізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына, жетекші партия қатарын жаңартуға және оған жаңа көшбасшылар легінің қосылуына жүйелік негіз қалағаны айтылды», - деп тоқталды.
Жақтастар лигасының қолдауымен түрлі тәртіпбұзушылықтар мен айла-амалдардың дер кезінде жолын кесіп, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етуге септескен.
«Жақтастар лигасының 30-дан астам мүшесі праймеризге қатысу үшін партия қатарына кірді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 6 адам өз қаласы мен ауданында алғашқы ондыққа кіріп, келесі кезеңге өтті», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Кездесу барысында қызықты да креативті ұсыныстар тілге тиек етілді, оның ішінде партия жұмысын одан ары жетілдіру, Жақтастар лигасын институционалдандыру мүмкіндігі секілді тың ұсыныстар болған. Сондай-ақ халықтың өзекті мәселелерін шешуге байланысты жұмылып істейтін жұмыстарды жалғастыру жөнінде де келісімге келдік.