Қазақстанда сүт қымбаттауы мүмкін
Елімізде сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың көбі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талабына сай емес
Келесі жылдан бастап сүт бағасы қымбаттап, тапшылық сезілуі мүмкін. Өйткені сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың көбі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талабына сай емес. 2020 жылы күшіне енетін ереже бойынша ағарғанның сапасы мен құрамы жіті тексеріледі. Ал отандық кәсіпорындар әлі күнге дейін сүтті ауылдардағы кішігірім шаруа қожалықтарынан алып жүр. Мұндай шикізат сол техникалық талапқа мүлдем сай емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Елімізде сүт өнімдерін шығаратын 150-ге жуық зауыт бар. Келесі жылдан бастап Кеден одағының техникалық талабы күшіне енсе, қыз-қыз қайнаған кәсіпорындардың жұмысы тұралауы мүмкін. Бұл өз кезегінде сүттің жетіспеушілігіне әкеп соғады. Жаңа талап бойынша сүт өнімдерінің құрамы мен сапасы жіті тексерілмек. Ал отандық зауыттар әлі күнге дейін ауылдарды аралап, шикізатты жеке шаруа қожалықтарынан алады. Мамандар азғантай мүйізді қарамен күн көретіндердің ағарғаны техникалық талаптарға сай келуі неғайбыл деп отыр. Өйткені олар санитарлық-гигиеналық ережені елемейді.
«Енді техникалық талапқа сай келмейтін шикі сүтті қабылдауға болмайды. Себебі, оның ішінде антибиотик және басқа да рұқсат етілмеген заттар болса ол сүтті пайдалануға болмайды. Енді зауыттар көлемін азайтады. Қазірдің өзінде сүттің жетіспеушіліге бар. 1-қаңтардан бастап одан да қиын болады», дейді Қазақстан сүт одағы Оңтүстік аймағының өкілі Дінмұхаммед Айсауытов.