Педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің стипендиясы 42 мың теңге болды
Бұл – барлық мамандық ішіндегі ең жоғарғы стипендия

Мамыр айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамыту мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді. Соның бірі – педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттыру және стипендия мөлшерін 42 мың теңгеге дейін ұлғайту.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, кешеден бері болашақ педагогтер 42 мың теңге көлемінде стипендия ала бастаған.
«Өткен жылы стипендия мөлшері 21 мың теңгені құраса, Президенттің тапсырмасынан кейін желтоқсан айында 26 мың теңгеге дейін өсті. Ал 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр. Бұл барлық мамандықтардың ішіндегі ең жоғарғы стипендия болады. Айта кетерлігі, студенттер кешеден бері осы стипендияны ала бастады», - деп жазды министр.
Сондай-ақ маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70-ке дейін көтерілді. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандар саны 1,7 есе өсті, ал көптеген бағыт бойынша орташа балл 100-ден асты.
«Егер бірнеше жыл бұрын педагогикалық мамандыққа түсушілердің орташа балы 65-ті құраса және педагог мамандығы түлектер арасында көп сұранысқа ие болмаса, қазір жоғары балл жинаған мықты түлектер педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсе бастады», - деп жазды А. Аймағамбетов.
Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өсті. Мұндай шара жас ғалымдарды қолдау үшін өте маңызды, өйткені докторанттардың отбасылары бар және олар өз зерттеулерін жүргізумен айналысады.