Құс тұмауы: Солтүстік Қазақстан облысында өлген құстардың саны 700 мыңға жетті
Бірақ олардың тек 200 мыңынан құс тұмауы ресми түрде расталды
Солтүстік Қазақстан облысында өлген құстардың саны 700 мыңға жетті. Бірақ, «Құс тұмауы» олардың 200 мыңынан ғана ресми түрде расталды. Облыста карантинге жабылған ауылдардың саны күннен күнге өсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Біз ветеринарлардың барлық талаптарын орындадық. 500 мың құс бір аптада қырылып қалып, біз оларды өртеп жібердік. Енді ветеринарлар оның құс тұмауынан өлгеніне сенбей отыр. Маған барлық құсқа өтемақы керек емес. Тек жұмысшылардың жалақысы мен балапандарды сатып алуға жететін қаражат берсе болды. Шамамен 250 миллион теңге», - дейді құс фабрикасының басшысы Александр Прядко.
Құзырлы органдар бұл компанияға қатысты әлі нақты шешім шығармағанын айтады.
Ресми мәліметтерге сенсек, құс тұмауы өңірдің 13 ауданына тарап, 30 ауылда карантин режимі жарияланды. Демек, бұл ауылдардан құстың өзін және құс өнімдерін шығаруға тыйым салынған. Қазір құзырлы органдар аталған елдімекендерде арнайы бекеттер орнатып жатыр.