Нұр-Сұлтанда тағы екі көпір салынады
Сонымен қатар биыл 150 көше жөндеуден өтеді
Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала көшелерін аралау барысында бірқатар мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырғанын айтты. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Жаңа жолдар мен көпірлер тіршілігі қайнаған көшелердің жүгін азайтып, жақын маңдағы аудандар мен жалпы қала тұрғындарына қолай тудыратыны сөзсіз. Аралау кезінде Nova City маңындағы №27 көшені № 39 көшемен (Тәуелсіздік) жалғайтын көше құрылысымен таныстым», - деді қала басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған көшенің өзі ғана келесідей жүйелі мәселелерді шешеді: Жолды әуежай бағытына жалғап, Тельман тұрғын алабымен қосады. Осы алап тұрғындарының қалаға қатынайтын жолы мейлінше қысқарады; Мәңгілік Ел мен Ұлы Дала даңғылдарының жүгін азайтады.
«Осы жаңа көшеден Есіл өзені мен Нұра-Есіл каналы үстінен екі көпір болады. Олар өзеннің қос жағалауын байланыстырады; биыл барлығы 150 көшені жөндеуден өткіземіз және жаңадан саламыз», - деді Алтай Көлгінов.