ҚР СІМ армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына байланысты мәлімдеме жасады
Министрлік жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға шақырды
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді. Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз», - делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар министрлік халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайын екенін, АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынатынын айтқан.