Елордада үй кезегінде тұрғандар жалға берілетін баспанаға өтінім бере алады
Пәтерлер сатып алу құқығымен жалға беріледі
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге құжат қабылдай бастады. Бұл - «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы баспаналы болатын үміткерлерге арналған бағдарлама, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған барлық санаттар және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ведомстволық бағынысты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері, сондай-ақ полиция және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатыса алады.
«Өтінімді тұрғын үйге кезекте тұрған барлық санаттар және жұмыс орны бойынша талаптарға сәйкес келетіндер бере алады (көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және басқалар). Пәтер саны: 244. Бұл - сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй. Әр шаршы метрді жалға алу құны – 1455 теңге. Жалға алудың ең ұзақ мерзімі – сатып алу құқығымен 20 жылға дейін», - делінген кәсіпорынның хабарламасында.
Тұрғын үй жалға алу мерзімі өткеннен кейін жалға алушының меншігіне өтеді. Табыс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі бар. Бұл үйлер Нұр-Сұлтан қаласының Тілендиев даңғылы, Сары Бұлақ ағысының бойында және Торайғыров көшесінде орналасқан. Құжаттар 28 қыркүйек сағат 00.00 бастап 7 қазан сағат 00.00 дейін қабылданады. Өтінім қабылдау электронды түрде жүргізіледі. 28 қыркүйектен бастап zhilfond.kz сайтында «Онлайн сервистер» бөлімінде «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтінім беру (ҚИК)» терезесі пайда болады. Өтінім беру үшін ЭЦҚ кілті және жұмыс орнынан анықтама болуы қажет (басқа құжаттар талап етілмейді).
«Отбасыңыздың құрамына қарамастан, кез келген (1,2,3 бөлмелі) пәтерге үміткер бола аласыз. Дегенмен, сіз таңдаған пәтер түрін алуға мақұлдау сіздің төлем қабілетіңізге тікелей байланысты. Іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүргізіледі», - деп жазылған ақпаратта.
Айта кетейік, іріктеуден өткен соң қатысушылар Қазақстан ипотекалық компаниясына жүгініп, төлем қабілетін растауы керек.