Пәтер, диплом, жүргізуші куәлігі: Петропавлда таныстарын тақырға отырғызған алаяқ ұсталды
Жапа шегушілерге келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңге
Әкімдік арқылы пәтер рәсімдеп беремін, оқу оқымай-ақ жоғары білім жөніндегі диплом, жүргізуші куәлігін аласыз. Петропавлда осындай уәде беріп, таныстарын ұзақ уақыт бойы тақырға отырғызып келген 38 жастағы әйел ұсталды. Қазір полицейлер күдіктінің арбауына көніп, сан соғып қалған өзге де тұрғындарды іздестіруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әзірге он эпизод қана анықталған. Жапа шегушілерге келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңге. Тәртіп сақшыларының болжамынша, бұл сома әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сондықтан полицейлер алаяқтың айтқанына сеніп, ақшасын қолына ұстатқан өзге азаматтарды да іздестіруде.
«Қазір күдіктінің құрбаны болған жандарды іздеп жатырмыз. Бұл факті бойынша олардың барлығы арыздануға дайын еместігін білеміз. Дегенмен, алаяқ тағы қанша адамды тақырға отырғызғанын білу мақсатында, олардан полицияға келіп мән-жайды айтып беруін өтінеміз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Марат Жанғожинов.
Күдікті ұсынған «қызметі» үшін әр танысынан 350 мың теңгеден қолды еткен. Әйел «клиент» тауып бергендерге жеңілдіктер жасап отырған. Жапа шегушілердің бірі 700 мың теңгесінен айрылып қалған. Алаяқ өз құрбандарын таныстары арқылы тауып отырған.
Арада бірнеше ай өткеннен кейін ғана өздерінің алданғанын түсінген азаматтар полицияға шағымданған. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті қолға түсті. Ол 1981 жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша іс қозғалды.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 174 алаяқтық фактісі анықталған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО