Шамалғандағы жол апатына қатысты сот шешімі өзгерді
Оқиға өткен жылдың 15 қыркүйегінде болған
Алматы облыстық сотында Шамалған станциясында болған жол апатына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкіміне «Қаскелен автобус паркі» ЖШС пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің келтірген апелляциялық шағымдары қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Апелляциялық сот алқасы шағымдарда көрсетілген уәждерді қарастыра отырып, олар ішінара қанағаттандыруға жатады деген қорытындыға келді.
Яғни, жәбірленушілер Э.А.Жаныбекова мен Б.М.Аубакирге келтірілген моральдық зиянды өтеуді тек Д.Д.Ахмеджановтың жұмыс берушісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жүзеге асырады.
Бірақ, жәбірленушілерде «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нен моральдық зиянды өтеу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну құқығы қалдырылды.
Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Еске сала кетсек, Қарасай аудандық сотының үкімімен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның жұмысшысы Д.Д.Ахмеджанов ҚК-тің 344-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен бірге, сот жәбірленушілер Э.А.Жаныбекова, Б.М.Аубакир және Л.А.Жарылғасованың «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қаскелен автобус паркі» ЖШС-нен моральдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Сот үкімімен Э.А.Жаныбекованың пайдасына «Қазақстан темір жолы» ҰК» мен «Қаскелен автобус паркі» ЖШС-нен әрқайсысынан 5 000 000 теңге өндірілді. Б.М.Аубакирдың пайдасына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Қаскелен автобус паркі» ЖШС әрқайсысынан 15 000 000 теңге өндірілді. Ал, Л.А.Жарылғасованың пайдасына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 15 000 000 теңге өндірілді.
Бірінші сатыдағы сот үкіміне азаматтық жауапкерлер өкілдері апелляциялық шағымдар келтіріп, қанағаттандырылған азаматтық талаптардың негізділігін қайта қарауды сұрады.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 15 қыркүйегінде Алматы – Қостанай бағытындағы пойыз жолаушылар автобусымен соқтығысып, апат адам өлімімен аяқталған еді.