Көктайғаққа байланысты Нұр-Сұлтан – Щучинск автожолындағы қозғалысқа шектеу қойылды
Қатты жел салдарынан көктайғаққа қарсы материалды қолдану мүмкін болмай отыр
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Нұр-Сұлтан мен Щучинск арасындағы автомобиль жолы жүк көліктері мен қоғамдық көліктер үшін жабылды деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.
«Қар аралас жаңбыр жауғаннан кейін автожолдың 124-231 шақырымдары арасында көктайғақ пайда болды. Қатты жел салдарынан көктайғаққа қарсы материалды қолдану мүмкін болмай отыр. Осыған байланысты полиция мен төтенше жағдайлар қызметі сағат 9:00-ден бастап жүк көліктері мен қоғамдық көліктер үшін қозғалысты шектеді», - делінген аталған хабарламада.
«Қазгидромет» синоптиктері болса өңірде бүгін секундына 15-20 метр жылдамдықпен күшті жел соғып, бұрқасын күтілетінін, сондай-ақ, облыстың басқа да жолдарында көктайғақ болатынын айтып отыр.