$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.09.2020, 21:54
Жаңалықтар

COVID-19: Алексей Цой Түркістанның екінші толқынға дайындығын тексерді

Ол Түркістанда салынып жатқан облыстық аурухананың құрылысында болды

COVID-19: Алексей Цой Түркістанның екінші толқынға дайындығын тексерді
Фото: баспасөз қызметінен

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой арнайы іссапармен Түркістан облысына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Бас дәрігері алдымен Түркістан қаласында салынып жатқан 630 орындық көпсалалы облыстық аурухананың құрылыс басында болды. Жаңа ауруханада 16 ота жасау бөлмесі, 13 жоспарлы және 3 жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері қарастырылған. 1500-ге жуық медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда нысанның монолитті іргетасы құйылуда. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған.

Министр облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовпен Түркістан қаласындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Қалалық орталық емханада болып, ондағы жұмыс барысын бақылады. Емхана бір ауысымда 500 келушіге лайықталған. 900-ден астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында 18 мобильді топ құрылған. Емхананың базасында сондай-ақ, індетті анықтайтын вирусологиялық зертханасы бар. Осы күнге дейін 40 мыңға жуық азаматтан сынама алынған. Емдеу мекемесі барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген.

«ҚР Президенті халыққа жолдауында алғашқы медициналық көмекті дамытуға аса мән берді. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қалалық емхана қызметкерлерінің коронавирус инфекциясы белең ала қалған жағдайда екінші толқынға дайындығы жоғары деңгейде екендігін де байқадық. Емдеу мекемесі барлық медициналық қажеттілікпен және жедел-жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілген», - деді Алексей Цой.

Министр өз сөзінде, облыста тұмауға қарсы екпе егуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Өңірге бұл мақсатта вакцинаның бірінші партиясы жеткізілген. Осы айдың 15-нен бастап егу жұмыстары басталады.

Денсаулық сақтау министрі сапар соңында Түркістан қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан модульді жұқпалы аурулар ауруханасында да болды. Емдеу мекемесі 200 төсек-орынға есептелген. Нысанның құрылысы жоспарланған аймақта барлық қажетті инженерлік желі мен көлік инфрақұрылымы бар.

Серіктес жаңалықтары