Алматыда 500 адамға арналған жекпе-жек орталығы ашылды
Орталық меценаттардың көмегімен салынған
Алматыда 500 адамға арналған жекпе-жек орталығы ашылды. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлудеміз. Басты міндет — өскелең ұрпақты спортпен, шығармашылықпен жаппай қамту, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастыру. Осы жұмыстың Жетісу ауданында қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп қайттым. Мұнда меценаттардың көмегімен 500 келушіге арналған «Айнабұлақ жекпе-жек орталығы» құрылды. Қыркүйек айында дәл осындай үш орталық Құлагер, Көкмайса және Көкжиек ықшамаудандарында ашылады», - деп жазды әкім.⠀
Сонымен қатар ол ауданның бес шағын учаскесінде балаларға арналған JetisyFootball тегін оқыту бағдарламасының жұмысы басталатынын жеткізді.
«Ол қиын жағдайда қалған отбасылардан шыққан 300 баланы қамтымақ. Ал жаттықтырушылар қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылды. Сондай-ақ Айнабұлақ-2, Құлагер және Кемел ықшамаудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысына құжаттама дайындалуда. Жалпы сыйымдылығы бір ауысымда 450 адам. Нысандарды бос жерлерге салу жоспарлануда», - деп жазды Сағынтаев.