Жол жүру тарифін қымбаттату керек – Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі қалада қоғамдық көлікпен жүру құнын Еуропа елдерімен салыстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

Жол жүру тарифін қымбаттату керек – Алматы әкімдігі

Алматыда жол жүру билетінің құны Мадридтен 8 есе арзан. Алматы әкімдігі қалада қоғамдық көлікпен жүру құнын Еуропа елдерімен салыстырды. Қалалық мобильділік басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Әділовтың сөзінше, Алматыда жол жүру билетінің өзіндік құны - 250 теңге. Алайда жолаушылардың қалтасына артық салмақ түсірмеу үшін билет құны 7 жылдан бері көтерілмей келеді.

«Бүгінде нақты тариф орта есеппен 250 теңгеден асады. Бірақ қала билігі 2012 жылдың маусымынан бері 80 теңге тарифін ұстап отыр, биыл сегізінші жылға кетті», - деді Алматы қалалық мобильділік басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Әділов.

Оның айтуынша, өткен жылы әкімдік тасымалдаушы компанияларға 9 миллиард теңге субсидия берген. Биыл осы мақсатта субсидия көлемі шамамен 20 миллиард теңге болмақ. Бұл бүкіл қала бюджетінің 1/15 бөлігін құрайды. Қазір Алматыда 14 автобус паркі жұмыс істеп, 1600 қоғамдық көлік күнделікті жолаушы тасиды. Қоғамдық көлікке күн сайын 1,2 миллионға дейін адам отырады. Алматыда 226 бағытта 1600 дей қоғамдық көлік қатынайды.

«Оңай» жүйесі іске қосылғалы соңғы үш жылда 970 миллионнан  астам трансакция жасалған. Алайда кешқұрым, жолаушылар саны артқан кезде көлікке мінетін алматылықтардың 30% жол ақысын төлеуден жалтаруға тырысады екен. Бұл мәселені шешу үшін билік бақылаушылар санын да арттырмақ. Шахар билігі Алматыдағы қоғамдық көлікпен жүруді Еуропаның қалаларымен салыстыруды да ұмытпады. Олардың есебінше, Алматыда  билет құны Мадридпен салыстырғанда 8 есеге, Прагадан 4,5 ал, Мәскеуден 3,5 есеге арзан.

«Біз талдау жасадық. Мадридте қоғамдық көлікпен жүру құнын теңгеге аударсаңыз 644 теңге, Прагада – 386, Мәскеуде 300 теңгеден асады. Бірақ, басқарма жол ақысын көтеру туралы сөз қозғаған жоқ. Әрине, бюджетке ауыртпалық түсіргіміз келмейді, тарифті көтеру керек, бірақ азаматтар мен жолаушылардың әлеуметтік жағдайын да естен шығармау қажет. Бұл - бір күнде шешілетін мәселе емес», - деді қалалық мобильділік департаменті басшысының орынбасары Ерлан Әділов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.