ҚКФЛ Самат Смақовтың өтінішін қанағаттандырмады
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраев футболдан Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын клубтардың санын 12-ден 16-ға дейін жеткізу туралы «Ақтөбе» командасының өтінішіне жауап берді
ҚКФЛ басшысы vesti.kz сайтына берген сұқбатында «Ақтөбе» клубының бас директоры Самат Смақов жасаған ұсынысқа қатысты пікірін айтты.
- Біз Самат Қабирұлын құрметтейміз. Ол «Ақтөбе» командасының бұрынғы басшыларынан қалған өте үлкен проблемаларды шешті. Қазір ақтөбелік клуб қаржылық мәселені толықтай шешіп, бұрынғы ойыншыларының алдындағы қарыздарынан құтылды. «Ақтөбенің» бірінші лигаға өтуі – әрине жағымсыз жағдай, - дейді лига басшысы.
ҚКФЛ президенті жоғары лигадағы командалар санын 16-ға дейін жеткізу әзірге мүмкін еместігін айтты.
- Ақтөбе жұрты футболды өте жақсы көреді. Олар үшін футбол тек ойын емес. Команданың матчын тамашалайтындар да аз емес. Бірақ келесі маусымға арналған регламент 2019 жылдың 6 қыркүйегінде клуб басшыларының қатысуымен өткен жалпы жиында белгілі болды. Одан кейін регламент Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитетімен бекітіліп кетті. Жыл сайын белгілі командалар көрсеткен нәтижесі бойынша бірінші лигаға кетіп жатады. Бұл біз үшін де қиын жағдай, - дейді Олжас Абраев.