Өлім жайлаған ауыл: СҚО тұрғындары алтын өндіретін зауыттың жабылуын талап етті
Бұлақ ауылында соңғы 3 жылда 30 адам дүние салған. Көпшілік зауыттан радиация тарап жатқанына сенімді
Бұған дейін Azattyq Rýhy тілшісі хабарлағанындай, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылында соңғы 3 жылда 30 адам дүние салған. Бақилық болғандардың дені жастар. Елді мекен тұрғындары өлім-жітім санының күрт көбеюін ауыл іргесіндегі «Әулие Голд Майнинг» алтын өндіретін кәсіпорын жұмысымен байланыстырады. Көпшілік зауыттан радиация тарап жатқанына сенімді. Осы мәселеге байланысты өңірлік комуникациялар қызметі орталығында шұғыл брифинг ұйымдастырылды. Оған қатысқан құзырлы орган өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарып отыр.
Бұлақ ауылында болып жатқан жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Есіл ауданының тұрғындары алтын өндіретін кәсіпорынның жабылуын талап етуде.
«Жалпы ауыл халқының көбі – қара шаңыраққа ие болып отыр. Оны ауылда туып- өскен, оған немқұрайлы қарамайтын, туған жері үшін жанын салатын адам ғана түсінеді. Жоғарғы лауазым өкілдері АДАМ болса екен деймін. Халықтың жан айқайын дұрыс түсініп, зиянын тигізіп жатқан алтын зауытын жапса екен деген талабымыз бар. Бұл әзірше жергілікті Бұлақ ауылы тұрғындарының тілегі. Ал зауыттың жұмысы тоқтамай жалғаса берсе, уақыт ұзамай барша Есіл, тіпті көрші жатқан аудан тұрғындарының талабына айналады. Өйткені жерасты суына сіңген зиянды химиялық элемент басқа ауылдарға, аудан орталықтарына тарауы әбден мүмкін», - деп жазды желі қолданушыларының бірі Алмас Бейсенбаев.
Басқа оқырмандар да пікір жазып, зауыт жұмысының тоқтауын талап етті. Ал құзырлы мекеме мамандары зауыттан ешқандай радиациялық қауіп жоқ екендігін айтып отыр. Онкологиялық диспансер мәліметіне сәйкес, Солтүстік Қазақстан бойынша қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны жөнінен Есіл ауданы бірінші орында тұр. Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Нұрлан Айманов бұл мәліметті жоққа шығарды. Илегені бір терінің пұшпағы болса да, не себепті қос мекеменің бір-біріне қарама-қайшы мәлімет бергенін түсіне алмадық.
«Соңғы 10 айда Бұлақ ауылында 5 адам көз жұмған. Оның ішінде 2-еуі онкологиялық дерттің салдарынан қайтыс болса, қалған үшеуі жастары келіп, кәріліктен өмірден озды. Есіл ауданында жаман ауруға шалдығып, қайтыс болатындардың саны көп емес. Статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, көз жұмған науқастардың ең үлкені 97-де болса, ең жасы 50-де. Өмір сүрудің орта жасы – 71. Бұлақ ауылдық округі бойынша онкологиялық көрсеткіштер ауданнан 54, облыстан 61,9 пайызға төмен», - деді Айманов.
Бұлақ ауылының тұрғындары соңғы 3 жылда өмірден озған адамдардың тізімін жасаған. Оған сәйкес бақилық болғандардың ең кішісі 32 жаста болса, ең кәрісі 87 жыл ғұмыр кешкен.
Фото: ustinka.kz
Ауыл тұрғындары «Әулие Голд Майнинг» компаниясы ашқан кен орнынан радиация таралып жатқанына, кәсіпорын алтынды тазалау үшін қолданатын натрий цианиді ауаны ластап, адамдарды улап жатқанына сенімді. Халық өз күшімен жасаған сараптама аталған аймақта радиация мөлшері жоғары екенін көрсеткен. Алайда оған ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Облыстық тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов мамандар жүргізген тексерістердің нәтижесінде стандартқа сай келмейтін сынамалар анықталмағанын айтады.
«Шағымданып жатқан ауыл тұрғындары жағдайды нашар экологиямен, алтын өндіретін кәсіпорын жұмысымен байланыстырады. Зауыт 2014 жылы ашылды. Алайда 2014-2015 жылдары жұмыс істеген жоқ. Өткен жылдың тамызында ғана толыққанды іске қосылды. Талапқа сай кен орны елді мекеннен бір шақырым қашықтықта болуы шарт. Зауыт ауылдан 1600 метр жерде орналасқан. Өндірістік алаңдарда радиация деңгейін 330 рет өлшедік. «Әулие Голд Майнинг» серіктестігінің өндірістік және тұрғын үйлерінде 62 сараптама жүргізілді, шекті деңгейден асып жатқан ештеңе анықталған жоқ. Елді мекенде де өлшемдер жүргізілді, бәрі мөлшерге сай», - деді баспасөз-конференциясында сөз алған Қасмақасов.
Ауыл тұрғындары өткен ғасырда қазылған құдықтың суын пайдаланады. Брифингте айтылғандай 2017-2019 жылдар аралығында ауыз судың 45 сынамасы зерттелсе, радиациялық деңгейді анықтау үшін 90 өлшеу жүргізілген. Нәтижесінде талапқа сай емес сынамалар анықталмаған. Құзырлы мекеме басшылары Бұлақ ауылындағы экологиялық жағдай төңірегінде туындаған даудың қасақана жасалып отырғанын айтып, халықтың өзін айыптады.
«Бар гәп ауыл тұрғындарының су құбырын өткізіп беруді сұрап отырғанында. Екінші мәселе, халық жол салып беруді сұрайды. Осыны тездету үшін тұрғындар әдейі осылай әрекет етіп отыр. Алайда, бұл мәселе аудан әкімінің баяндамасына сәйкес 2020-2023 жылдары шешілмек. Ауыл тұрғындары өздері жасаған сараптама нәтижесін ешкімге көрсеткен емес. Алматыдан мамандардың келуі екіталай. Сондықтан бұл факті шындыққа жанаспайды» - дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы.
Шенеуніктер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдардың барлығына жауап тапты. Ал туған-туыстарынан айрылып, күнде үрей құшағында күн кешіп жүрген Бұлақ ауылы тұрғындарының назы тағы да тыңдаусыз қалды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО