$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.08.2020, 16:10
Жаңалықтар

Интернеті жоқ ауыл балалары мектепке барып оқиды

Қазақстанда әлі интернеті жоқ 882 ауыл бар

Интернеті жоқ ауыл балалары мектепке барып оқиды
Көрнекі фото: 2020 жылдың 5 тамызы, елорда іргесіндегі Қажымұқан ауылының тұрғындары интернет жоғын айтып шағымданды

Қазақстанда әлі интернет бармаған ауылдар бұрынғыдай мектепке барып оқиды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко айтты. 

«Оқушылар интернетпен қаншалықты қамтылған деген сұрақ көп қойылды. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрлігімен жұмыс істедік. Интернет проблема болып жатқан және интернеті мүлдем жоқ елдімекендегі балалар мектепке барып оқиды», - деді ол бүгінгі брифингте.

Тұрғын саны 250 адамнан аз 1178 ауыл бар. Оларда 127 мың 200 адам тұрады. 2023 жылға дейін осындай 242 ауылға кеңжолақты интернет жеткізу шешімі қабылданған.

Айта кетсек, қазір еліміздегі 6459 елдімекеннің 4646-сына кеңжолақты интернет тартылған. Аталған елдімекендерде 18,2 млн адам тұрады. Ол – халықтың 97,3%-ы.

«Келесі жылдың соңына дейін 2300 адамнан көп халқы бар ауылдың бәрін интернетпен қамту жоспары бар. Қазір интернет бармаған 882 ауыл қалды. Елдімекендерге интернет апару бойынша 2 жоба бар. Біріншісі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында ВОЛС технологиясымен 1257 ауылда 20 мың шақырым жерге оптикалық талшықты байланыс құрылғылары орнатылады. Қазір бұл жоба аясында 1027 ауылға жылдамдығы жоғары интернет жеткізілді. Енді 230 ауыл қалды», - деді Ярошенко.

Екінші жоба бойынша, Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен меморандумға отырып, тұрғындарының саны 250 адамнан көп елдімекендерді кеңжолақты (928 ауыл) және 3G, 4G (635 ауыл) және FWA радитехнологиялы (293) интернеттерімен қамтуды жоспарлаған.

«Қазір осы жоба аясында 46 ауылға кеңжолақты интернет жеткізілді. Қалған 882-сіне жыл соңына дейін апарамыз. Сөйтіп жыл соңында мобильді кеңжолақты интернет 18,6 млн адам тұратын 5331 елдімекенде болады», - деп сендірді комитет төрағасы.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары