Праймеризге инклюзивті қоғам мүшелері өз кандидаттығын ұсынуда
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар партия Хатшысымен онлайн кездесу өткізді
«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев праймеризге өз кандидаттықтарын ұсынған инклюзивті қоғам мүшелерімен zoom-конференция өткізіп, партия ішіндегі сайлауға қатысты сұрақтарға жауап берді. Жиынға қатысушылардың көпшілігі ерекше қажеттілігі бар жандар.
Онлайн конференцияға жалпы саны 20-дан аса адам қатысып, праймеризге үміткер болудағы мақсаттарымен бөлісті. Солардың бірі 30 жыл бойы Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар орталығында жұмыс істеген Дана Орманова.
«Мен праймеризді баршамызға берілген үлкен мүкіндік деп санаймын. Өзім 30 жыл бойы мемлекеттік мекемеде 100 балаға арналған коррекциялық орталықта жұмыс істеп, зейнетке шыққаннан соң «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорын аштым. Қордың жұмыс істеп жатқанына 6 жылдан асты. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» атты бағдарламасы бойынша республикада, облыстарда үлкен-үлкен іс-шаралар өткіздік. Инклюзивті балалармен жұмыс істеген тәжірибелі маман ретінде оларға мемлекет, қоғам тарапынан үлкен қолдау қажет екенін жақсы білемін. Әсіресе 16-18 жаста олар өте үлкен қамқорлықты талап етеді. Сондықтан менің арманым праймеризді пайдалана отырып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықтарды ашу. Сол себепті мен партия ішіндегі сайлауға өз кандидаттығымды ұсынып отырмын», - деп атап өтті ол.
Жиын барысында сөз алған партия Хатшысы кез келген жоғары лауазымды орындарда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың отырғанын «Nur Otan» партиясы қолдайтынын және партияның ел азаматтарына бір деңгейде қарайтынын баса айтты.
«Партия құрамының жаңалануы, заманға сай болуы, депутаттыққа үміткерлер қатарынан тың ойлы, нәтижелі іске жетіп жүрген азаматтардың табылуы игі бастама деп ойлаймын. Жергілікті басқару орталықтарына ерекше қажеттіліктері бар адамдардың келуі қоғам үшін өте пайдалы. Себебі сіздер проблеманы іштен білесіздер, көп нәрсені өз бастарыңыздан өткергенсіздер. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді ортаны бізге сырттан келіп ешкім жасап бермейді. Сол себепті өзгерістерді сіздердің орталарыңыздағы адамдар бастап, мәжілісте, мәслихатта айтып отырса, құба-құп болады. «Nur Otan» партиясы азаматтардың барлығына бір деңгейде қарайтын, жалпыхалықтық партия», - деді Арман Қырықбаев.