Сандық технологиялар: Қазақстан-Ресей форумына келгендерге адам көмегінсіз өрт сөндіру жүйесі көрсетілді
Жоғары технологиялар тақырыбына арналған шарада екі елдің 40-тан астам кәсіпорны өз өнімдерін қойды

Ресей Федерациясының Омбы қаласында өтіп жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында көрме ашылды. Жоғары технологиялар тақырыбына арналған шарада екі елдің 40-тан астам кәсіпорны өз өнімдерін қойды. Көрме «Ақылды қала», «Өндірістегі инновациялық технологиялар», «Ауыл шаруашылығы құрылымындағы технологиялар» тақырыптарына арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Көрмеге ғарыш ракеталарының макетінен бастап, киімге дейін қойылған. Әр өңір өзі өндіретін үздік тауарларын әкелген. Қазақстан тарапынан келген «BioOperations» серіктестігінің өнімдері көпшілік қызығушылығын туғызды. Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында өткен жылы ғана жұмысын бастаған кәсіпорын небәрі 5 өнім түрін шығарады. Бидайды терең өңдеумен айналысатын зауыт өз тауарларын алыс-жақын шет елдерге экспорттайды. Атап айтар болсақ, АҚШ, Нидерланд, Ресей, Белорусь, Украина, Қытай, Өзбекстан сынды мемлекеттер қазақстандық зауытта шыққан глютенді тұтынады.
«Глютен - бидайдың құрғақ клейковинасы. Ол ұнның сапасын арттыру үшін қолданылады. Негізінен наубайханалар, кондитерлік өнімдер, макарон, жартылай дайын тамақ шығаратын цехтарда пайдаланылады. Өндірісте солтүстікқазақстандық шикізат пайдаланылады», - дейді кәсіпорынның бас директоры Алмас Қалимұрзин.
Кәсіпорын глютенмен қатар бидай крахмалы, биоэтанол және мал шаруашылығында пайдаланылатын жемазық шығарады. Жыл басынан бері экспортқа 300 тонна дайын өнім шығарған. Кәсіпорын басшылығы болашақта көреткішті ұлғайтпақ.
Ресейлік компаниялардың бірі көрмеге «ақылды қалаларға» арналған сандық қондырғыларды әкелген. Солардың бірі газ, ыстық және суық суды есептейтін құралдар. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, қондырғылар коммуналдық қызмет көрсететін компанияға тұтынылған су мен көгілдір отын мөлшері жайындағы мәліметті автоматты түрде жіберіп тұрады.
Автоматтандырылған жүйенің бірі – көше шамы. Өндірушілердің сөзіне қарағанда ол тұтынылатын электр қуатының 50 пайызын үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Біз бір көпқабатты үйден бастап, қаланы цифрландыру жүйесін ұсынамыз. Көше шамдарын автомат арқылы дербес басқаруға болады. Датчиктер интернет арқылы шағын метеостанцияның көмегімен жолда көлік, адам келе жатқандығы жайында ақпарат береді. Сол кезде жарық қосылады. Басқа уақытта сөніп тұрады», - дейді жоба жетекшісі Ирина Аминова.
Ресей Федерациясы Алтай өңірінен келген көрмеге өте күрделі детальдарды шығаратын 3Д принтер мен өрт сөндіру жүйесін ерекше атап өтуге болады. Заманауи техника алюминий, магний, болат, шойын, мыс, қола сынды металдардан кез келген күрделі бөлшектерді шығарады.
Ал өрт сөндіру жүйесі от шыға қалса, бір адамның көмегінсіз жалынды сөндіре алады. Оны тұрғын үйлерден бастап, үлкен қоғамдық орындарға дейін орнатуға болады.
«Өрт сөндіру жүйесі арнайы датчиктермен жарақтандырылған. Ол пайда болған түтін, көмір қышқыл газының көлемін автоматты түрде өлшейді. Ауа температурасының көтерілуін де есепке алады. Жасанды интеллект түскен ақпаратты сараптайды. Қажет болған кезде өрт сөндіру жүйесін іске қосады. Ол суды бүркіп, отты ауыздықтайды», - дейді Алтай аймағы экономика министрінің орынбасары Алексей Ерохин.
Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Серік Төрегелдин форумға қызмет бабымен келген. Көрмені де аралап көруді жөн санапты.
«Омбы, Свердловск облыстары өндіріс дамыған аймақтар, Қарағанды мен Свердловск облысы арасындағы жылдық тауар айналымы 1 млрд 200 млн рубльді құраған. Біз экспортқа түсті металды көп жібереміз. Сондықтан әріптес аймақтардың араласқаны дұрыс. Бір-бірімізден үйренеріміз баршылық. Бұл кәсіпкерлерді ғана емес, екі елді жақындастырады», - дейді Серік Төрегелдин.
Осымен 16-шы рет ұйымдастырылып отырған өңіраралық форум аясында Қазақстан мен Ресей арасында халықаралық келісімшараттарға қол қойылмақ. Шара барысында екі елдің Президенттерінің қатысуымен пленарлық отырыс жоспарланған.
Биылғы басқосуға шекаралас әріптестікті дамытудың өзекті мәселелері арқау болмақ. Басты отырысқа екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жиын барысында кәсіпкерлер кездесіп, түрлі сала бойынша келіссөздер жүргізеді. Мәселен, «Отандастар» қоры «Атамекен» іскерлік үйі» атты бизнес форумын ұйымдастырды. Онда Ресейде тұратын қандастарымыз бас қосып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Қазір елімізде «Қазақ картасы» әзірленіп жатыр. Ол жырақта жүрген ағайындарға біздегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді.
Эльмира Мәмбетқызы, РФ Омбы облысы