Елордада жыл басынан бері 300-ден астам өрт тіркелген
Оның тең жартысы тұрғын үйлерде болған
Жыл басынан бері елордада 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Оның тең жартысы тұрғын үйлерде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Қалалық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жекеменшік секторындағы жер үйлерді аралап, жылыту маусымына дайындығын пысықтады. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын үйлердегі пештерді тексеріп, өрт дабылын орнатты. Шара жылыту маусымы аяқталғанша жүргізіледі. Былтыр осындай рейд кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 18 мың дерегі тіркелген еді.
«Былтыр 12 адам өрттен қайтыс болды. Солардың 5-еуі өздері ішімдік ішіп, сондай жағдайға душар болып отыр. Өрт қауіпсіздігі жылыту пештерін дұрыс қолданбаудан, масаң адамдардың қауіпсіздікті сақтамауынан, электр сымдарын дұрыс пайдаланбаудан бұзылады», - деді қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов.