Елордада сауда орталықтары мен базарлардың жұмысқа дайындығы тексерілді
Тексеріс барысында бірқатар заң бұзушылық анықталды
Санаулы күндерден соң карантин шаралары біртіндеп алына бастайды. Кәсіпкерлер клиенттер мен сатып алушыларды қабылдауға дайындалып жатыр. Соған байланысты әкімдік пен СЭС өкілдерінен құралған мониторингтік топ «Әсем» сауда базарына тексеріс жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Бұл базарда кіре берісте термометрия, белгілер мен антисептиктер бар. Бәрін қадағалап отырамыз. Күн сайын мониторинг жүргізіледі. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес, 1 – бөлімнің 425-бабы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық режимді бұзғаны үшін санкциялар қолданатын боламыз. Мұнда әкімшілік айыппұл қарастырылған», - деді Байқоңыр аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Шоқан Абайұлы.
Қазіргі уақытта елордалық сауда орталықтары мен базарлар 90% өз жұмысын қайта бастауға дайын. Кәсіпкерлік субъектілерге санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша ұсыныстар берілді.
«Бүгінгі таңда барлық нысандар карантиннен кейінгі кезеңге 90% дайын. Бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, бірақ айтарлықтай маңызды емес. Сонымен, кейбір нысандарда таңбалардың санын жаңартып, көбейту қажет. Бір жерде санитайзерлер санын көбейту, азаматтардың кіруі мен шығуы кезінде температуралық режимді есептеу құралдарын өзгерту қажет», - деді Нұр-Сұлтан қаласының сауда және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысов.
Мониторингтік топтың барлық ескертулерін кәсіпкерлер 17 тамызға дейін ескеріп, түзетілуі керек.