Алматыда төрт көлік соқтығысып, жүргізуші зардап шекті
Тізбекті соқтығыс салдарынан бір адам жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді
Алматыда таңға жуық Саин көшесінің бойында бірнеше көлік қатысқан ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тізбекті соқтығыс салдарынан бір адам жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәлімет бойынша, Hongqi және Hyundai Tucson автокөліктері Саин көшесімен солтүстік бағытта қозғалып келе жатқан. Жүргізушілердің сөзінше, жолда Changan маркалы көлік қауіпті маневр жасап, екеуін де шұғыл тежегіш басуға мәжбүр еткен.
Екі жүргізуші көліктерінің зақымданған-зақымданбағанын тексеру үшін жол жиегіне шыққан сәтте оқиға ушыға түскен. Артқы жақтан келе жатқан Audi жүргізушісі жолдағы кедергіні байқап, көлігін тоқтатып үлгерген. Алайда оның артынан келе жатқан Hyundai Sonata жүргізушісі дер кезінде тежей алмай, Audi көлігін артқы жағынан соққан. Қатты соққыдан алға қарай қозғалған Audi жол бойында тұрған Hyundai Tucson жүргізушісін қағып кеткен.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақыртылып, жарақат алған азаматқа қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайын Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр.
