Қазақстанда жергілікті маңызы бар жолдарды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Қазіргі уақытта соның 2,3 мың шақырымында жұмыстар толық аяқталуға жақын

Қазақстанда жергілікті маңызы бар жолдарды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстан өңірлерінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту жобалары мәресіне жетті. Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту жөніндегі тапсырмасы аясында биыл 388 жоба бойынша 2,4 мың шақырым жол жөндеумен қамтылған. Қазіргі уақытта соның 2,3 мың шақырымындажұмыстар толық аяқталуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биылғы жол жөндеу науқанының ең ауқымды жұмыстары бес өңірде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Жетісу облысында 281 шақырым, Қарағанды облысында 240 шақырым, Ақтөбе облысында 225 шақырым, Түркістан облысында 204 шақырым және Солтүстік Қазақстан облысында 187 шақырым жол жөнделуде.

Сонымен қатар биыл ішкі туризмді дамыту мақсатында табиғи көрікті жерлер мен тарихи-мәдени нысандарға апаратын жолдарға ерекше көңіл бөлінген. Қазір Ұлытау облысында Сәтбаев – Малшыбай – Жошы хан кесенесі – Домбауыл бағыты бойынша ұзындығы 19,5 шақырым жаңа автомобиль жолының құрылысы жүріп жатыр. Ақтөбе облысында Абат-Байтақ кесенесіне апаратын 12,5 шақырым кірме жол мен «Қасқыр сарқырамасына» баратын 4,7 шақырым жол жөнделуде. Ал Шығыс Қазақстан облысында Шыбынды көлге апаратын 4,6 шақырым кірме жол орташа жөндеуден өтуде.

Мамандардың айтуынша, бұл жобалар өңір тұрғындары мен туристердің қатынауын жеңілдетіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.