Маңғыстауда теңіздегі қауіпсіздік ережесін бұзған екі адам жауапқа тартылды
ТЖМ мәліметінше, екі ересек адам үрлемелі қайықпен суға шығып, теңіздегі қатты толқынға байланысты жағадан алыстап кеткен
Маңғыстау облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары қатты толқын салдарынан ашық теңізге ығып кеткен екі адамды аман алып қалды. Оқиға бүгін Түпқараған ауданының аумағында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, екі ересек адам үрлемелі қайықпен суға шығып, теңіздегі қатты толқынға байланысты жағадан алыстап кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырды.
Мамандардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде құтқарылушылар жағадан 3 шақырымқашықтықтан табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Екі азаматқа да медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарылған азаматтар судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша екі хаттама толтырылып, екеуіне де айыппұл салынды.
