Қаптамасы үлкен, ішіндегі тағамы аз: тұтынушы дүкендегі көзбояушылықтардан қалай қорғана алады
Тұтынушы нақты не үшін ақша төлеп жүр: өнім үшін бе, қаптама үшін бе әлде мұз бен ауа үшін бе
Дүкеннен бір келі мұздатылған тауық етін сатып алдыңыз делік. Үйге әкеліп еріткен соң, оның салмағы бастапқыдан әлдеқайда азайып шығады. Ал үлкен қаптамадағы чипсиді ашсаңыз, бәрі бір чипсы тек түбінде жатады. Сонда тұтынушы нақты не үшін ақша төлеп жүр: өнім үшін бе, қаптама үшін бе әлде мұз бен ауа үшін бе? Azattyq Rýhy тілшісі дүкен сөрелеріндегі тауарларға журналистік эксперимент жасап, саудадағы көзбояушылықтың қаншалықты негізді екенін анықтап көрді.
Оқи отырыңыздар: «Аңыз емес, ақиқатты айту керек»: Қазақстанның тарихын кім және қалай түсіндіріп жүр
Бір келі тауық етінің қаншасы мұз?
Мұздатылған тауық етінің салмағы ерігеннен кейін өзгеретіні көпшілікке таныс жағдай. Біз де осыны тексеру үшін дүкеннен мұздатылған тауық етін сатып алып, алдымен мұз күйіндегі салмағын, кейін толық ерігеннен кейінгі салмағын өлшедік.
Эксперимент нәтижесінде бастапқы салмақ пен ерігеннен кейінгі салмақ арасында айырмашылық анықталды.
Бастапқы салмақ – 970 грамм, ерігеннен кейін – 945 грамм, айырмашылық – 25 грамм немесе 2,6 пайыз.
Бұл айырмашылықтың бәрін бірден мұз деп айтуға болмайды. Себебі ет еріген кезде оның табиғи сөлі де бөлінеді. Дегенмен тұтынушы үшін маңызды сұрақ туындайды: қаптамадағы салмаққа мұздың үлесі қалай есептеледі?
Осы мәселеге қатысты санитариялық-эпидемиология саласының сарапшысы Жанар Кенжебайқызы мұздатылған өнімдерге қойылатын талаптарды түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, мұздатылған балық өнімдерінде глазурьдің, яғни өнімнің сыртын қаптайтын мұз қабатының мөлшеріне нақты шектеу қойылған.
«Мұздатылған балық өнімдеріне қатысты белгіленген шекті мөлшерлер бар. Мысалы, балықта глазурь мөлшері 5 пайыздан, бөлшектелген немесе тазартылған шаянтәрізділерде 7 пайыздан, бөлшектелмеген шаян тәрізділерде 14 пайыздан, ал өзге балық өнімдерінде 8 пайыздан аспауға тиіс», – дейді сарапшы.
Ал ет пен құс етіне қатысты барлық өнімге ортақ бірыңғай пайыздық шектеу жоқ. Мұны Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті де растады.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнамада ет немесе өзге өнімдердің ерігеннен кейінгі салмағы қанша пайызға азаюы мүмкін екені белгіленбеген. Бұл мәселе ет пен құс өнімдеріне қойылатын техникалық талаптар, оларды мұздату және еріту тәртібі тұрғысынан тиісті салалық мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады. Дегенмен Ішкі сауда қағидаларының 22-тармағына сәйкес, өлшеп сатылатын азық-түлік тауарларының бағасы нетто салмағы бойынша есептелуі керек. Яғни тұтынушы тауардың қаптамасын емес, нақты өнімнің салмағын төлеуге тиіс», деп түсіндірді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
Үлкен қаптама – көп өнім деген сөз емес
Саудадағы тағы бір жиі кездесетін көрініс – көлемді қаптамада сатылатын чипсы, тәттілер мен басқа да тағамдар. Қаптамасы үлкен болғанымен, ішіндегі өнім оның жартысына да жетпейтіндей көрінеді.
Мұндай жағдайда тұтынушы өзін алданғандай сезінуі мүмкін. Алайда қаптаманың үлкен, ал өнімнің қаптамасына сай болмауына қатыстысты бізде арнайы талап жоқ, сондықтан мұндай жағдай заңбұзушылық немесе тұтынушының құқығының бұзылғаны болып есептелмейді.
«Тұтынушының тауар туралы толық, дұрыс және уақытылы ақпарат алуға құқығы бар. Қапталған азық-түліктің мөлшері техникалық регламент талаптарына сәйкес көрсетілуге тиіс», - дейді ведомство.
Дүкенде кем өлшеп, артық ақша алса не болады?
Статистикаға қарасақ, тұтынушылардың бұл тұрғыда шағымы аз емес. 2025 жылы комитетке түскен әрбір 10 өтініштің төртеуі бөлшек саудаға қатысты болған. Биыл да жағдай өзгермеген. Тоғыз айда түскен 72 мыңнан астам өтініштің 42,9 пайызы сауда орындарына байланысты екен. Бұл тұтынушылардың дүкендерде тауар сатып алу кезінде әлі де түрлі мәселеге тап болатынын көрсетеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, азаматтар көбінесе сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, ақшаны қайтармау, сондай-ақ өнім туралы толық емес не анық емес ақпарат беру мәселелеріне шағымданады.
«Үлкен қаптамада аз өнім болуы автоматты түрде санитариялық талаптарды бұзу дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда қаптамада көрсетілген таза салмақ пен өнімнің нақты мөлшері салыстырылады. Ең бастысы – тұтынушыға тауар туралы дұрыс әрі толық ақпарат берілуі керек», – дейді Жанар Кенжебайқызы.
Оның айтуынша, өнімнің қаптамасында көрсетілген құрамы нақты құрамына сәйкес келмеуі де мүмкін. Мұндай сәйкессіздік құжаттарды тексеру және зертханалық зерттеу арқылы анықталады. Сондықтан тұтынушы өнімнің сыртқы көрінісіне ғана емес, қаптамасындағы мәліметтерге де назар аударуы қажет.
Сауда министрлігі тұтынушыға тауарды кем не артық өлшеу, есептен жаңылыстыру және өзге де алдау әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
«Тұтынушыларды кем өлшеу, кем тарту, есептен жаңылыстыру және өзге де алдау заңда белгіленген негіздер болған кезде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабы бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрайды», – делінген ведомство жауабында.
Сондай-ақ ішкі сауда қағидаларына сәйкес, сатып алушы тауардың сапасын, санын, жиынтықтылығын және салмағын тексеруге құқылы. Күмән туындаған жағдайда сатушы тиісті өлшеу құралдарын пайдаланып, өнімнің сипаттамаларын тексеруге мүмкіндік беруге міндетті.
Жалған жеңілдік пен бағадағы айырмашылық
Саудадағы тағы бір мәселе – жеңілдіктер мен бағаның дұрыс жазылуы. Мәселен, дүкен сөресінде тауардың бағасы бір бөлек көрсетіліп, кассада одан қымбат болып шығуы мүмкін. Немесе тұтынушыға үлкен жеңілдік ұсынылғанымен, тауардың бұрынғы бағасы шынымен сондай болғанына күмән туады.
Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстанда сатушы тауардың құнын теңгемен көрсетуге және оны баға белгісінде жазылған құн бойынша сатуға міндетті. Егер кассада тауар сөредегі бағадан қымбат өтсе, бұл заң талаптарын бұзу болып саналады.
«Мұндай әрекет үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-бөлігі бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 6, орта кәсіпкерлікке 10, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған», - дейді СИМ.
Мерзімі өткен тауарды жеңілдікпен сатуға бола ма
Дүкендерде жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын тауарларға жеңілдік жарияланатыны белгілі. Бұл өздігінен заң бұзушылық емес. Министрлік мұндай өнімді жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін, сақтау талаптары сақталған жағдайда сатуға болатынын түсіндірді.
«Егер тауардың жарамдылық мерзімі өтіп кетпесе және дұрыс жарамдылық мерзімі таңбалауда тиісінше көрсетілсе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамада сатушының сатып алушыға жарамдылық мерзімінің жақындап қалғаны туралы қосымша ескерту міндеті көзделмеген», – делінген ресми жауапта.
Ал мерзімі өтіп кеткен өнімді сату заңға қайшы.
СЭС саласының сарапшысы Жанар Кенжебайқызының айтуынша, жарамдылық мерзімі әлі аяқталмаған өнімді жеңілдікпен сатуға рұқсат етіледі. Бірақ мерзімі өтіп кеткен тауарды арзандатылған бағамен ұсынуға да болмайды.
«Жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өнімді жеңілдікпен сатуға болады. Бұл ретте сақтау шарттары сақталуы және өнімнің жарамдылық мерзімі тұтынушыдан жасырылмауы керек. Ал мерзімі өткен өнімді қандай бағада болса да сатуға тыйым салынады», – дейді маман.
Сондай-ақ ол қаптамадағы «табиғи», «экологиялық таза», «қантсыз» деген жазулардың да негізсіз болмауы керегін ескертті. Мұндай мәлімдемелер өнімнің нақты құрамына, рецептурасына, зертханалық сынақ нәтижелеріне және сәйкестігін растайтын құжаттарға сай болуы тиіс. Яғни өндіруші тауарды жарнамалау үшін оның қасиеттерін асыра көрсетпеуі керек.
Сонымен қатар Жанар Кенжебайқызы мұндай жағдайда жаппай ұлану дерегінің алдын алу маңызды екенін айта кетті.
«Мәселен, бір инкубациялық кезең ішінде өзара байланысты үш немесе одан да көп жұқпалы, паразиттік ауру немесе улану жағдайы тіркелсе, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет 24 сағат ішінде тергеп-тексеруді бастауы керек. Бургер, сэндвич, үй компоты немесе басқа да дайын тағам сатылған жағдайда оның қауіпсіздігіне ең алдымен өндіруші мен сатушы жауапты. Олар өнімнің құрамына, дайындалу технологиясына, сақтау температурасына, жарамдылық мерзіміне және таңбалануына жауап беруі тиіс. Үйде әзірленген өнімді коммерциялық мақсатта сату кезінде де қауіпсіздік талаптары сақталуы қажет. Сонымен бірге сатылымдағы әрбір өнім партиясына міндетті түрде жеке зертханалық талдау жасалуы керек деген талап жоқ. Алайда зертханалық тексеру өнімнің түрі мен қауіп деңгейіне қарай жүргізіледі», - деді сарапшы.
Тұтынушы құқығын қорғау бойынша бақылау бар ма?
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, биыл аумақтық бөлімшелер 1 347 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде 1 836 әкімшілік іс қозғалып, 54,3 миллион теңгеге айыппұл салған.
Одан бөлек, Комитетке жүгінген азаматтардың шағымы нәтижесінде тұтынушыларға 2,17 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылып, олардың мүліктік құқықтары қорғалған.
«Тұтынушыға тауардың салмағы немесе сапасына қатысты күмән туындаса, алдымен сатушыға жазбаша наразылық білдіруге кеңес береміз. Сатушы оған күнтізбелік 10 күн ішінде құжаттармен негізделген жазбаша жауап беруге міндетті. Егер мәселе шешілмесе, азамат тиісті мемлекеттік органға жүгіне алады», - дейді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
Жапонияда өнімнің өлшемі қаптамамен бірдей болуы шарт
Барлық елде тұтынушылардың құқығына қатысты талап бар. Алайда ондай талапты ерекше қатаң ұстанатын елдің бірі – Жапония. Жапонияда өлшем былай тұрсын, тіпті қаптамадағы суретке де жауапкершілік жүктейді.
Мәселен, бұл елде печеньенің қаптамадағы суреті мен көлемі, тіпті түр-түсіне дейін айырмашылық болмауы керек. Егер қаптамадағы бейне тұтынушыға өнімді шын мәніндегіден әлдеқайда үлкен немесе өзгеше етіп көрсетсе, сатылымнан алынып тасталады.
Жапондар осылайша тауардың сыртқы безендірілуі арқылы тұтынушының күткенінен өзгеше өнім ұсынбауды қатаң ұстанады. Яғни қаптама тек жарнамалық құрал емес, сатып алушыға өнім туралы шынайы түсінік беретін ақпарат көзі болуы керек.
Жапония тәжірибесі қаптамадағы сурет пен тауардың нақты көлемі арасындағы айырмашылықтың өзі тұтынушы құқығы тұрғысынан маңызды екенін көрсетеді.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.
