Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы өмірден озды
Ол теледидардағы қызметімен қатар, әдеби шығармашылықпен де айналысқан
Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 106 жасында өмірден озды. Ол отандық телеэфирдің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ-ке сілтеме жасап.
Зұлқия Жұматова 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Балалық және жастық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. 15 жасында анасынан айырылып, өмірдің талай қиындығын ерте бастан өткерген.
1958 жылы Алматы телестудиясы ашылғаннан кейін Зұлқия Жұматова дикторлар байқауына қатысып, іріктеуден сәтті өткен. Ол мемлекеттік тілде тікелей эфир жүргізген алғашқы дикторлардың бірі болды. Осылайша көрермендерді еліміз үшін жаңа телеарна хабарларының форматымен таныстырды.
Телевизиядағы қызметімен қатар, әдеби шығармашылықпен де айналысқан. Өлеңдер мен балаларға арналған ертегілер жазып, жас оқырмандардың бойына ана тілі мен әдебиетке деген сүйіспеншілікті сіңіруге күш салған.
Зұлқия Жұматованың дүниеден өтуі – отандық телевизия үшін орны толмас қаза.
