ҚТЖ компаниясы Елжас Отыншиев ұсталды деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады
Компания өз қызметін штаттық режимде жалғастырып жатқанын хабарлады
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы мен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасын ұстауға қатысты ресми хабарламаға түсінік берді. Компания бұл ақпаратты сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде назарға алғанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәлімдемеде атап өтілгендей, ҚТЖ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетуде. Сұратылған ақпарат пен материалдар толық көлемде ұсынылып, қажетті өзара іс-қимыл қамтамасыз етіліп жатыр.
Компания ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етілмейтінін атап өтті. Осыған байланысты тергеу кезеңінде қосымша түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар ҚТЖ мен оның компаниялар тобы өз қызметін штаттық режимде жалғастырып жатқанын хабарлады. Компания инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскерлік әріптестер алдындағы барлық міндеттеме толық сақталатынын әрі қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалатынын ресми түрде растады.
Еске сала кетейік, 12 қараша күні «Самұрық Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталған сәті желіде тараған еді.
